ҚазМШжЖӨҒЗИ-де БҰҰДБ биологиялық әртүрлілік кеңесшісімен кездесу өтті
2025 ж. 16 мам.

2025 жылғы 16 мамырда Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының (ҚазМШжЖӨҒЗИ) базасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) биологиялық әртүрлілік жөніндегі бас кеңесшісі Джошуа Бранның қатысуымен маңызды кездесу өтті.
Іс-шара 2025–2035 жылдарға арналған Қазақстандағы биологиялық әртүрлілікті сақтау және оны тиімді пайдалану жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеу аясында ұйымдастырылды. Кездесуде тұжырымдама бөлімдерінің ғылыми негіздемелері мен Куньмин–Монреаль жаһандық шеңберлік бағдарламасының талаптарына сәйкестік мәселелері талқыланды.
Кездесуге Қазақстанның жетекші ғылыми ұйымдары: Ботаника және фитоинтродукция институты, Қазақ орман орналастыру кәсіпорны, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы және Зоология институты қатысты. Сонымен қатар, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз және жағалаулық ресурстарды кешенді басқару жобасы аясында Каспий итбалығы мен балық қорларын сақтау мәселелері қарастырылды.
Аталған кездесу Қазақстанда биологиялық әртүрлілікті сақтау саласындағы стратегиялық құжаттарды жетілдіру мен ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды.