Жылқы және түйе шаруашылығы бөлімі
Бөлім меңгерушісі – Қожанов Ж.Е.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі. 20-дан астам ғылыми еңбегі жарияланған. Мамандығы: ветеринария.
Жылқы және түйе шаруашылығы бөлімінің зерттеу бағыттары
Жылқы шаруашылығы бөлімі қызметінің негізгі бағыттары:
- отандық жылқы тұқымдарының генетикалық әлеуетін арттыру;
- өнімді және салт мініс бағытындағы жылқылардың жоғары өнімді типтері мен желілерін қалыптастыру;
- жылқы еті мен қымыз өндірісін барынша ұлғайтуды қамтамасыз ететін табынды жылқы өсіру технологиясын жетілдіру;
- Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде жылқы шаруашылығы өнімдерін өндірудің қарқынды технологиясын әзірлеу.
Соңғы 15 жыл ішінде жылқы шаруашылығы бойынша селекциялық жетістіктерге 20-дан астам патент алынды. Олардың соңғылары — қазақ жылқысының Адай тармағы бойынша 3 зауыттық желі, Адай міністік тұқымішілік типі, Маңғыстау тұқымішілік өнімді типі, сондай-ақ жаңа «Адай» жылқы тұқымы.
Бөлім ғалымдары 2014 жылы өнертапқыштық саласындағы жетістіктерге арналған «Шапағат–2014» республикалық конкурсында «Жылдың үздік өнертабысы» номинациясы бойынша «Қазақ жылқыларының Селеті зауыттық типі» селекциялық жетістігі үшін жеңімпаз атанды.
2024 жылы бөлім ғалымдары Маңғыстау облысы әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
Түйе шаруашылығы бөлімі қызметінің негізгі бағыттары:
- өнімді бағыттары бойынша түйелердің негізгі шаруашылыққа пайдалы белгілеріне қарай асыл тұқымдық құндылығын бағалаудың жаңа әдістерін әзірлеу;
- өнімділікті ерте болжауға арналған маркерлерді әзірлеу;
- аруана, қазақ бактрианы және олардың будандары бойынша түйелердің сүт өнімділігі стандартын әзірлеу;
- машинамен саууға жарамды інгендер тобын қалыптастыру және түйе шаруашылықтарына машинамен сауу технологиясын енгізу;
- інгендерді күтіп-бағу және азықтандыру технологиялары бойынша ұсынымдар әзірлеу;
- қажетті сападағы түйе жүнін өндіру технологияларын жетілдіру бойынша бағалау критерийлерін әзірлеу;
- түйе сүті мен етінің негізінде тағам өнімдерін өндірудің ең оңтайлы параметрлерін іздестіру.