ҚазМШжЖӨҒЗИ ғалымдары Оңтүстік Кореяда өткен ISAG 2025 конференциясына қатысты


ҚазМШжЖӨҒЗИ ғалымдары Оңтүстік Кореяда өткен ISAG 2025 конференциясына қатысты

2025 жылдың шілде айында Корея Республикасында ауыл шаруашылығы жануарлары генетикасы жөніндегі халықаралық қоғам (ISAG) ұйымдастырған ISAG 2025 конференциясы өтті. Аталған шараға «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің молекулалық генетикалық талдау зертханасының меңгерушісі Қайрат Досыбаев және ғылыми қызметкер Тілек Қапас қатысты.

Конференция аясында 9 ғылыми секция жұмыс істеп, 402 ғылыми баяндама ұсынылды. Секциялар жануарлар геномикасы, селекция, иммуногенетика, ежелгі және жергілікті тұқымдар генетикасы, биоинформатика және басқа да бағыттарды қамтыды.

Институт атынан ұсынылған ғылыми баяндамалар:

  • “Analysis of genetic diversity of Alatau cattle breed by STR-genotyping”

  • “Ancient inbreeding and selection signatures revealed by runs of homozygosity in Kazakh horse populations”

Бұл зерттеулерде қазақтың Алатау сиыры мен жылқы тұқымдарының генетикалық әртүрлілігі, инбридинг деңгейі және селекциялық белгілері заманауи молекулалық әдістермен сипатталды. Баяндамалар шетелдік сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып, ғылыми қызығушылық тудырды.

Сонымен қатар, Корея, Жапония, Италия, Түркия, Қытай және АҚШ елдерінің жетекші ғылыми институттарының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, бірлескен жобалар мен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізілді. Алдағы уақытта бұл байланыстар нақты ғылыми жобаларға ұласады.

Іссапар институттың ғылыми әлеуетін арттыруға және қазақстандық мал тұқымдарының генетикалық ресурстарын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды қадам болды.