Жылқы шаруашылығында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды


Жылқы шаруашылығында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

2025 жылғы 16 қыркүйекте Ақтөбе қаласында «Mugalzhar zhylkysy» ЖШС базасында «Жылқы шаруашылығындағы асыл тұқымды есеп пен бонитировка жүргізуді цифрландыру және автоматтандырудың жаңа технологияларын әзірлеу» тақырыбында көшпелі семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты (ҚазМШжЖӨҒЗИ) мен В.В. Калашников атындағы Ресейдің жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бірлесіп ұйымдастырды.

Кеңес барысында жылқы шаруашылығында асыл тұқымды есеп жүргізуді автоматтандыру, өнімді және әмбебап бағыттағы жылқылардың асыл тұқымдық құндылығын бағалау, сондай-ақ бонитировка жөніндегі нұсқаулықтар мен есеп нысандарын жетілдіру мәселелері талқыланды. Қатысушылар деректердің нақтылығын арттыру және селекциялық жұмыстың тиімділігін көтеру мақсатында цифрлық шешімдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.

Семинар алдында «Mugalzhar zhylkysy» ЖШС мен Ақтөбе облысындағы «Сәтжол» шаруа қожалығы базасында әзірленіп жатқан асыл тұқымды есеп жүйесінің сынағы өткізілді. Мұнда муғалжар тұқымды элиталық жылқылар өсіріледі, бастапқы зоотехникалық есеп сенімді түрде жүргізіліп, ғылыми сүйемелдеу қамтамасыз етілген. Республикалық палатаның өкілдері асыл тұқымды жылқылардың көрме-жәрмеңкелерін және жас малды аукцион арқылы сату ережелерін әзірлеуге көмек көрсету туралы ұсыныс білдірді.

Кеңес қорытындысы бойынша «Mugalzhar zhylkysy» ЖШС директоры Алин Б.Ш., «ҚазМШжЖӨҒЗИ» директоры Тореханов А.А. және В.В. Калашников атындағы ВНИИ коневодства директоры Зайцев А.М. өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат өнімді және әмбебап бағыттағы жылқыларды жетілдіруге бағытталған ғылыми және селекциялық-генетикалық зерттеулерді дамытуға негізделген.

Меморандум аясында тараптар жылқылардың фенотиптік және генетикалық ерекшеліктерін зерттеу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіп, тәжірибе және технологиялармен алмасады, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырады. Сондай-ақ келесі жылы «Mugalzhar zhylkysy» базасында кушум тұқымының 50 жылдығына және Дүниежүзілік жылқы күніне арналған іс-шаралар өткізу мүмкіндігі талқыланды.

Талқылауға Республикалық палатаның Құрметті төрағасы, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кушум және муғалжар тұқымдарының авторы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Рзабаев С.С., ҚазМШжЖӨҒЗИ жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі мен ғылыми қызметкерлері Кожанов Ж.Е., Омаров С.М., Ахметов У.А., «Сәтжол» ШҚ басшысы Нұрғалиева Л. және палатаның директоры Рзабаев К.С. қатысты.