ҚазМШжЖӨҒЗИ мен ҚазҰАЗУ интеграциясының Жол картасын іске асыру жалғасуда
2025 ж. 28 мам.

2025 жылғы 28 мамырда «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС (ҚазМШжЖӨҒЗИ) мен «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КЕАҚ (ҚазҰАЗУ) арасындағы интеграцияның Жол картасы аясында жұмыс кеңесі өтті. Жол картасы ҚазҰАЗУ басқарма төрағасы – ректор А.К. Күрішбаевпен бекітілген.
Кеңес барысында ғылыми-зерттеу, білім беру және қолданбалы бағыттар бойынша бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтары талқыланды. Ғылыми салада – етті ірі қара малдың молекулалық генетикасы, құйрықты қой тұқымдарының ет өнімділігін арттыру, цифрлық технологияларды әзірлеу, Hypotrichosis (HY) генетикалық аномалиясын диагностикалауға патенттік өтінім беру сияқты бірқатар жобалар қолға алынбақ.
Кадр даярлау бағыты бойынша – бакалаврлар, магистранттар мен докторанттарға арналған дуалды оқыту жүйесін енгізу, өндірістік тәжірибелер мен ғылыми тағылымдамалар өткізу, бейінді пәндерді оқыту, бірлескен ғылыми зерттеулер мен мақалалар жазу жоспарланды.
Инфрақұрылым және зертханалық база бойынша – зертханалар құру және аккредитациялау, сонымен қатар оларды бірлесіп пайдалану, соның ішінде ара шаруашылығы өнімдерінің сапасын зерттеу мәселелері қарастырылды.
ҚазМШжЖӨҒЗИ аграрлық салада ғылым, білім және өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған интеграциялық жұмысты белсенді түрде жалғастыруда.