ҚазМШжЖӨҒЗИ ғалымдары Қазақстанның оңтүстігінде ара шаруашылығы бойынша экспедиция өткізді


ҚазМШжЖӨҒЗИ ғалымдары Қазақстанның оңтүстігінде ара шаруашылығы бойынша экспедиция өткізді

2025 жылғы 31 тамыз бен 11 қыркүйек аралығында Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының (ҚазМШжЖӨҒЗИ) ара шаруашылығы бөлімінің ғалымдары Алматы және Түркістан облыстары аумағында ғылыми экспедиция жүргізді. Зерттеудің негізгі мақсаты – әртүрлі тұқымды аралар арасында акароз және вирустық аурулардың таралуын ескере отырып, ара отбасыларының жағдайын бақылау болды.

Далалық зерттеу барысында мамандар Varroa destructor кенесінің амитраз затына төзімділігін анықтау бойынша тәжірибелер жүргізіп, Apis mellifera carpatica, A. m. carnica және A. m. pamonella тұқымды бал араларының гигиеналық мінез-құлқын зерттеді. Жалпы бес омарта зерттеліп, оңтүстік өңірлердің әртүрлі табиғи-климаттық жағдайлары қамтылды. Алынған нәтижелер ара ауруларының таралу картасын нақтылауға және олардың төзімділігін арттыру бойынша ғылыми ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Экспедиция Ресейдің Солтүстік-Шығыс ФАНЦ ара шаруашылығы зертханасының меңгерушісі А. З. Брандорф және Израильдің Вулкани атындағы Аграрлық ғылыми орталығының профессоры Виктория Сорокердің қатысуымен өтті. Бұл халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың және тәжірибе алмасудың маңызды қадамы болды.

Сонымен қатар, сапар аясында Қытай Халық Республикасының өкілдерімен «Хоргос» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында келіссөздер жүргізілді. Келіссөздерде ара шаруашылығы саласындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту, зертханалық талдау әдістерімен және цифрлық мониторинг технологияларымен алмасу мәселелері талқыланды.

2025 жылғы 10 қыркүйекте экспедиция қатысушылары Өзбекстанның Ташкент мемлекеттік аграрлық университетіне барып, ғылыми мекемелер арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою, ара шаруашылығы саласында халықаралық жобаны жүзеге асыру, студенттермен алмасу және қысқа, ұзақ мерзімді тағылымдамалар өткізу мәселелерін талқылады.

Аталған экспедиция ҚазМШжЖӨҒЗИ үшін халықаралық ғылыми байланысты дамытудағы маңызды кезең болып, Қазақстанның ара шаруашылығын зерттеу және бал араларының саулығын сақтау бағытындағы әлеуетін нығайтуға ықпал етті.