Абай облысында қой шаруашылығын дамытуға арналған халықаралық семинар өтті


Абай облысында қой шаруашылығын дамытуға арналған халықаралық семинар өтті

Ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде Абай облысында отандық қой шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған халықаралық семинар-кеңес өтті. Іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Исабайұлы Есполов, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының (ҚазМШжЖӨҒЗИ) ғалымдары, АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту институты, Шәкәрім университеті мен «Еуразия АгроСемей» компаниясының өкілдері, сондай-ақ Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты. Сонымен қатар, Қазақстан қой тұқымдары республикалық палаталарының өкілдері, қой өсірумен айналысатын шаруашылықтар мен отандық және шетелдік сарапшылар қатысып, тәжірибе алмасты.

Жиында отандық қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру, селекция мен асылдандыру жұмыстарын жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. ҚазМШжЖӨҒЗИ қой шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Темірхан Ердішұлы Кенжебаев баяндама жасап, селекциялық-технологиялық зерттеу нәтижелерін таныстырып, саланың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар берді.

Семинардың тәжірибелік бөлігінде қатысушылар «Еуразия АгроСемей» компаниясының жобасы бойынша ет комбинаты салынып жатқан “Приречинское” ЖШС базасында болып, құрылыс және өндіріс барысымен танысты. Мамандар өндірістік инфрақұрылым мен өңдеу технологияларын дамыту бағыттарын талқылап, ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылының тиімді жолдарын қарастырды.

Аталған халықаралық семинар ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайтып, қой шаруашылығы саласын жаңғырту мен оның экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.