BR22885681 бағдарламасы – Қостанай тұқымының генофондын сақтай отырып, адай және қостанай жылқыларының генетикалық ресурстарын басқарудың қолданыстағы әдістерін жетілдіру

Бағдарламаның атауы: BR22885681 «Қостанай тұқымының генофондын сақтай отырып, адай және қостанай жылқыларының генетикалық ресурстарын басқарудың қолданыстағы әдістерін жетілдіру»

Қаржыландыру түрі: Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы

Өтінім беруші: «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС

Ғылыми жетекші: Төреханов А.Ә., ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Іске асыру кезеңі: 2024-2026 жж.

Өзектілігі

Маңызды мәселелердің бірі - Республикадағы жылқы тұқымдық құрамының маңызын бағалау және отандық Қостанай жылқы тұқымының таралу аймағын кеңейту.

Қостанай жылқы тұқымы әмбебап пайдалану бағытымен ерекшеленді. Алайда тұқымның даму барысында паратиптік факторлардың әсерінен оның генеалогиялық құрылымы айтарлықтай өзгерді, сондай-ақ дене бітімі, жүйріктігі және басқа да асыл тұқымдық сапалары бойынша елеулі өзгерістер байқалады. Мұның бәрі оны тұрақты мониторингте ұстау қажеттігін айқындайды.

Тұқыммен де, жекелеген субпопуляциялармен де селекциялық жұмысты табысты жүргізу үшін олардың әрі қарай дамуының негізгі бағыттарын әзірлеу қажет.

Осыған байланысты Қостанай жылқы тұқымы бойынша жаңа, тиімді технологиялық іс-шараларды әзірлеу басталды. «Қазақ Тұлпары» ЖШС жылқы зауытында және басқа да ауыл шаруашылығы құрылымдарында азықтандыру мен күтіп-бағудың қолданыстағы технологиясына қосымша кезеңдер әзірленіп, енгізілетін болады.

2023 жылы Маңғыстау облысының агроөнеркәсіптік кешені саласындағы инновациялық жобалары шеңберінде, 019 «Инновациялық тәжірибені тарату және енгізу жөніндегі қызметтер» бюджеттік бағдарламасы аясында «Адай жылқылары популяциясының генетикалық құрылымын заманауи генотиптеу технологиялары негізінде анықтау, жаңа желілерді, типтерді және тұқымды қалыптастыру және апробациялау» жобасы бойынша «Адай» тұқымын апробациялау іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында көпжылдық селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстардың қорытындылары шығарылып, зияткерлік меншік институтына селекциялық жетістіктерге өтінімдер берілді: «Ратторы-60» зауыттық желісі, «Бугабай киік қоңыр-98» зауыттық желісі, «Манап сұр-93» зауыттық желісі, «Маңғыстау тұқымішілік өнімді типі», «Адай міністік тұқымішілік типі» және «Адай» жылқы тұқымы.

Осы бағдарламаны әзірлеу барысында «ҚазМШжЖӨҒЗИ» ЖШС қызметкерлері BLUP әдісі бойынша жылқылардың асыл тұқымдық құндылығын талдау және есептеу бағдарламасын әзірлеп, сынақтан өткізіп, қолданысқа енгізді. Отандық бағдарламада бөгде код жоқ, патенттік тазалығы бар және модификациялауға ашық.

Мақсаты

Қостанай тұқымының генофондын сақтау және адай мен қостанай жылқыларының генетикалық ресурстарын басқарудың қолданыстағы тәсілдерін жетілдіру.

Күтілетін және қол жеткізілген нәтижелер

Міндет бойынша: «Адай және қостанай жылқылары популяцияларының асыл тұқымдық сапалары жөніндегі деректерді жинау, сақтау және өңдеу бойынша қолданыстағы ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын бағдарламалық өнім әзірлеу».

2024 жылы базалық шаруашылықтарда фенотиптік және селекциялық-генетикалық көрсеткіштерін зерттей отырып, қалаулы типке сәйкес келетін адай және қостанай популяцияларының жылқылары іріктеледі.

BLUP бойынша кейінгі талдау үшін шежіре жазбалары негізінде жылқы басының статистикалық топтарының критерийлерін таңдау және негіздеу (аналитикалық модель).

Машиналық талдауға арналған қостанай және адай тұқымдарының фенотиптерін формальдандырылған сипаттау жүйесін әзірлеу (дерекқор).

Фенотиптік белгілер бойынша жануарларды іріктеу бағдарламасын әзірлеу (бағдарлама).

Міндет бойынша: «Жаңа селекциялық жетістіктер жасау мақсатында спалт міністі және өнімді бағытындағы адай жылқылары популяциясын қалыптастыру».

2024 жылы Маңғыстау облысында жаңа желілерді қалыптастыру үшін адай популяциясының салт міністі және өнімді бағытындағы таңдаулы жылқылары іріктеледі. Әрбір аталық айғырлардың генеалогиялық желісінде жылқыларды бонитирлеу, іріктеу және жұп таңдау жұмыстары жүргізіледі.

Айғырларды ұрпағының сапасы бойынша алдын ала бағалау.

Міндет бойынша: «Генетикалық детерминацияланған аурулардың бар-жоғына скрининг жүргізе отырып, адай және қостанай жылқылары популяцияларының спецификалық генетикалық маркерлерін валидациялау».

2024 жылы толық геномдық және SNP-генотиптеу әдістерімен зерттеу үшін адай және қостанай жылқыларының дарақтары таңдалады. Әртүрлі фермалардан іріктелген жануарлардан фолликулдары бар қыл түбірлері алынады. Осы жануарлардан геномдық ДНҚ бөлініп, K80 массиві арқылы SNP-генотиптеуге дайындалады. Адай және қостанай жылқылары популяцияларында генетикалық детерминацияланған аурулармен ассоциацияланған спецификалық аллельдердің кездесу жиілігі анықталады.

Міндет бойынша: «Адай және қостанай жылқылары популяцияларында әзірленген әдістемені одан әрі валидациялай отырып, төзімділікті, жылдамдықты және жүйріктікті ерте болжауға мүмкіндік беретін генетикалық маркерлер панелін әзірлеу».

2024 жылы «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС молекулярлық-генетикалық талдау зертханасында iScan құрылғысында SNP K80 массивін пайдалана отырып, толық геномдық SNP-генотиптеу жүргізіледі.

Генотиптелген деректердің сапасын бақылау және генетикалық ауруларды талдау мен GWAS жүргізуге деректерді дайындау.

1-міндет: «Адай және қостанай жылқылары популяцияларының асыл тұқымдық сапалары жөніндегі деректерді жинау, сақтау және өңдеу бойынша қолданыстағы ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын бағдарламалық өнім әзірлеу»

Базалық шаруашылықтарда фенотиптік және селекциялық-генетикалық көрсеткіштерін зерттей отырып, қалаулы типке сәйкес келетін адай (317 бас) және қостанай (179 бас) популяцияларының жылқылары іріктелді.

Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстарында асыл тұқымдық мәртебесі бар қостанай жылқыларының басына экспедициялық зерттеу жүргізілді. Жылқылар зауыттық жылқы тұқымдары палаталары берген асыл тұқымдық куәліктердегі электрондық чип, таңба, түсі мен ен-таңбаларының сипаттамасы бойынша сәйкестендірілді.

Кейін BLUP әдісімен талдау жүргізу үшін шежіре жазбалары негізінде жылқы басының статистикалық топтарының критерийлері таңдалып, негізделді.

Статистикалық топтар BLUP сызықтық ығыспаған болжам әдісіндегі тұқым қуалаушылық факторының макробағалауында (популяция деңгейіндегі бағалау) көрініс табады. Бұл әдісті жылқы популяцияларына қолдану бірнеше статистикалық топ болған жағдайда жануардың өнімділігіне генетикалық үлес дисперсиясының пайда болу себептерін нақты түсінуді талап етеді. Бұл жекелеген топтардың дисперсияларын бағалау қажеттігіне алып келеді. Сонымен қатар басқа деңгейде жекелеген жануарлардың нүктелік молекулярлық-генетикалық сипаттамалары зерттеледі.

Машиналық талдауға арналған қостанай және адай тұқымдарының фенотиптерін формальдандырылған сипаттау дерекқоры әзірленді.

Осы міндет бойынша ҚазМШжЖӨҒЗИ сайтында бастапқы материалдан ақпарат енгізуге мүмкіндік беретін дерекқор әзірленді: облыс, аудан, шаруашылық атауы, тұқым, тип, жыныс, сәйкестендіру нөмірі, лақап аты, таңба нөмірі, түсі, туған күні, бонитирлеу күні, шоқтық биіктігі, тұлғаның қиғаш ұзындығы, кеуде орамы, жіліншік орамы, тірі салмағы, типі мен шығу тегі, өлшемдері мен салмағы, экстерьері, сүттілігі, бейімделу қасиеттері және ұрпағының сапасы бойынша бағасы; сондай-ақ фотометриялық материалды енгізу, деректерді түрлі көрсеткіштер бойынша бөлу және оларды кестелік есеп түрінде алу мүмкіндігі қарастырылды.

Фенотиптік белгілер бойынша жануарларды іріктеу бағдарламасы әзірленді.

Деректерді талдау ҚазМШжЖӨҒЗИ-де әзірленген NEL бағдарламалық ортасында жүргізілді. Бұл бағдарламалық платформа әртүрлі мал түрлеріне арналған бірнеше релизден тұрады. Әр релиздің ішінде бірнеше нұсқа әзірленген, бұл шешілетін міндеттер ауқымының кеңеюіне байланысты орындалатын функциялар санын арттыру қажеттілігімен негізделді. Осы міндет бойынша жұмыстарды орындау үшін ет бағытындағы жылқы малымен жұмыс істеуге арналған NEL.meat.hr релизі пайдаланылды.

2-міндет: «Жаңа селекциялық жетістіктер жасау мақсатында міністік және өнімділік бағытындағы адай жылқылары популяциясын қалыптастыру»

Маңғыстау облысында жаңа желілерді қалыптастыру үшін адай популяциясының міністік және өнімділік бағытындағы таңдаулы жылқылары іріктелді.

Маңғыстау облысында Адай жылқы тұқымын міністік және өнімділік бағытында өсірумен айналысатын 9 шаруашылыққа жүргізілген экспедициялық зерттеу нәтижесінде жаңа желілерді қалыптастыру үшін адай популяциясының міністік және өнімділік бағытындағы таңдаулы жылқылары іріктелді. Жалпы саны 317 бас, оның ішінде: аталық айғырлар - 20, биелер - 255, еркек тайлар - 5, ұрғашы тайлар - 37.

Әрбір аталық айғырлардың генеалогиялық желісінде жылқыларды бонитирлеу, іріктеу және жұп таңдау жұмыстары жүргізілді.

Бонитирлеу, іріктеу және жұп таңдау нәтижесінде Адай міністік тұқымішілік типіндегі Қарақұс-2005 аталық айғырының жаңа генеалогиялық желісін қалыптастыру жұмысы басталды. Бұл желіге оның Алмасторы-2015, Найзағай-2017 және Құлагер-2020 ұлдары енгізілді.

Айғырлар ұрпағының сапасы бойынша алдын ала бағаланды.

Айғырларды ұрпағының сапасы бойынша алдын ала бағалау нәтижесінде ең жоғары орташа балл Найзағай-2017 аталық айғырының ұрпақтарында байқалды. Бұл, ықтимал, оның үйіріндегі биелердің тірі салмақ бойынша өзгергіштігінің жоғары болуымен (8,56) байланысты.

Осылайша, айғырларды ұрпағының сапасы бойынша алдын ала бағалау нәтижелері кейінгі селекциялық іс-шараларды айқындауға мүмкіндік берді. Алмасторы-2015 және Найзағай-2017 аталық айғырларының ұрпақтары желілік өсіруді жалғастыру үшін өсуі мен дамуы бойынша бақылауға алынады. Құлагер-2020 аталық айғырының ұрпақ сапасы келесі екі жыл ішінде бағаланады.

Адай міністік типіндегі жылқылардың жүйріктік көрсеткіштерін анықтау мақсатында «АДАЙ» асыл тұқымды жылқы тұқымы заңды тұлғалар бірлестігі қауымдастығының, жеке кәсіпкерлердің және облыстық ауыл шаруашылығы органдарының өкілдерімен бірлесіп FEI қағидалары бойынша 100 км қашықтыққа дистанциялық ат жарысын ұйымдастыруға және өткізуге қатысу қамтамасыз етілді.

Жарысқа әртүрлі тұқымдағы жылқылар қатысты, оның ішінде:

Адай тұқымы - 18 бас, таза қанды тұқымдардың будандары - 3 бас.

Институт қызметкерлері төрешілер алқасының құрамына кірді: Оман, Йемен, Мысыр, Сирия және БАӘ елдерінен - 15 адам, Қазақстаннан - 3 адам. «ҚазМШжЖӨҒЗИ» ЖШС-нің екі қызметкері FEI халықаралық ветеринариялық төрешісі біліктілігін алды.

3-міндет: «Генетикалық детерминацияланған аурулардың бар-жоғына скрининг жүргізе отырып, адай және қостанай жылқылары популяцияларының спецификалық генетикалық маркерлерін валидациялау»

Толық геномдық және SNP-генотиптеу әдістерімен зерттеу үшін адай және қостанай жылқыларының дарақтары таңдалды. Әртүрлі фермалардан іріктелген жануарлардан фолликулдары бар қыл түбірлері алынды. Осы жануарлардан геномдық ДНҚ бөлініп, K80 массиві арқылы SNP-генотиптеуге дайындалды.

Жобаның мақсатына сәйкес адай және қостанай жылқы тұқымдары Equine 80K бірнуклеотидтік полиморфизмдер массиві арқылы генотиптеліп, статистикалық талдау жүргізілді. Толық геномдық ДНҚ бөлу үшін адай және қостанай жылқыларының құйрық қылдарынан 496 қыл түбірі үлгісі жиналды.

SNP-генотиптеу Equine 80K SNP чипі арқылы iScan генетикалық аппаратында жүргізілді. SNP-дің бастапқы сапа бақылауы GenomeStudio бағдарламалық жасақтамасы арқылы жүргізілді, ал қорытынды нәтижелер үшін қосымша Plink 1.9 бағдарламасы пайдаланылды. 10%-дан асатын SNP қателері генотип деректерінен алынып тасталды. Төмен генотипі бар дарақтар алынып тасталды. 5%-дан төмен минорлы аллельдер жиілігі генотиптік деректердің соңғы жиынтығынан алынып тасталды.

Кең геномдық SNP-генотиптеу Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының молекулярлық-генетикалық зертханасында Equine 80K SNP массиві арқылы жүргізілді. Жылқылардың SNP-генотиптеуі үшін Illumina iScan генетикалық анализаторы пайдаланылды. Нәтижесінде Адай тұқымды жылқыларда 61161 SNP-маркер алынды, жалпы генотиптеу деңгейі 0,99% құрады. 2% шегімен SNP сүзгілеуден кейін генотип деректерінің болмауына байланысты 15 нұсқа алынып тасталды. Үлгілердің жетіспейтін генотиптері бойынша деректердің сапасын бақылау 0,02 деңгейінде белгіленді, бірде-бір дарақ алынып тасталған жоқ. Нәтижесінде Адай жылқыларында 61146 нұсқа қалды.

Бастапқы сапа бақылауының нәтижесінде Қостанай тұқымды жылқылардың генотиптік деректерінде 61161 нұсқа қалды. Қостанай тұқымды жылқылардың одан әрі зерттеулері үшін 2%-дан астам жетіспейтін SNP генотип деректері мен үлгілер алынып тасталды. Генотип деректерінің сапасын тексергеннен кейін Қостанай тұқымында 58478 SNP болды.

Адай және қостанай жылқылары популяцияларында генетикалық детерминацияланған аурулармен ассоциацияланған спецификалық аллельдердің кездесу жиілігі анықталды.

Әдеби шолу нәтижелері бойынша жылқылардың негізгі маркерлері мен генетикалық детерминацияланған ауруларының тізімі жасалды.

4-міндет: «Адай және қостанай жылқылары популяцияларында әзірленген әдістемені одан әрі валидациялай отырып, төзімділікті, жылдамдықты және жүйріктікті ерте болжауға мүмкіндік беретін генетикалық маркерлер панелін әзірлеу»

«Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС молекулярлық-генетикалық талдау зертханасында iScan құрылғысында SNP K80 массивін пайдалана отырып, толық геномдық SNP-генотиптеу жүргізілді.

Қостанай және адай тұқымдарының жылқыларында минорлы аллельдер жиілігінің мәндері әртүрлі категориялар шеңберінде анықталды.

Миостатин генінің Equus Caballus 18 хромосомасында орналасқан 4973 нуклеотидтік тізбектен тұратыны анықталды, оның негізгі функциясы - бұлшықет талшықтарын реттеу, олардың дұрыс экспрессиясынан бұлшықеттердің гипертрофиясы мен гипотрофиясы тәуелді. 1444 позициясында орналасқан мутация, яғни Тиминнің Цитозинге нуклеотидтік алмасуы - ең көп зерттелген және жылқылардың төзімділігі мен жылдамдығымен байланысы бар мутация. ТТ генотипі неғұрлым төзімді жылқыларда, ал СС генотипі неғұрлым жылдам жылқыларда кездеседі. Бұл аллельдер қосымша зерттеулерді қажет етеді.

Генотиптелген деректердің сапасын бақылау және генетикалық ауруларды талдау мен GWAS жүргізуге деректерді дайындау жүргізілді.

Жұмыста генетикалық ауруларды талдау және GWAS жүргізу үшін 2 жеке деректер жиынтығы пайдаланылды. Жылқылардың төзімділігі мен жылдамдығына гендердің байланысын анықтау бойынша GWAS тек Адай және Қостанай тұқымдарының іріктелген жылқыларын генотиптеудің жаңа деректері бойынша жүргізіледі. Генетикалық ауруларды талдау алдыңғы жобаның деректерімен кеңейтілген деректер жиынтығында жүзеге асырылады.

Жаңа деректер жиынтығын қалыптастыру үшін Маңғыстау облысының 6 әкімшілік ауданындағы 9 шаруашылықтан Адай тұқымының 317 өкілінен және Қостанай, Қарағанды және Ақмола облыстарының 8 ауданындағы 12 ауыл шаруашылығы құрылымынан Қостанай тұқымының 179 өкілінен қыл түбірі үлгілері алынды.

Екі мақала жарияланды:

  1. Қапас Т., Ахметов У.А., Кульболдин Т.С., Зетова А.А., Нұрмаханбетов Д.М., Досыбаев Қ.Ж. Отандық жылқы тұқымдарын толық геномдық SNP-генотиптеу негізінде талдау. 332-341-бб. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің хабаршысы, Ауыл шаруашылығы ғылымдары, №4 (71), 2024. https://doi.org/10.52081/bkaku.2024.v71.i4.212
  2. Брель-Киселева И.М., Амандықова А.Б., Сафронова О.С. Қостанай жылқы тұқымындағы зауыттық желілерді жетілдіру. 62-68-бб. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің көпбейінді ғылыми журналы «3i: интеллект, идея, инновация», №4, желтоқсан 2024 ж. https://doi.org/10.52269/22266070_2024_4_62

ГОСТ 7.32-2017 талаптарына сәйкес 2024-2026 жылдарға арналған қорытынды есеп ұсынылды.

Бағдарламаны орындауға қатысты:

  • 3 ғылым докторы;
  • 7 ғылым кандидаты;
  • 1 PhD;
  • 8 ғылым магистрі;
  • 2 докторант;
  • 4 магистрант.

2025 жылғы күтілетін нәтижелер

 

Қойылған міндеттерге сәйкес Бағдарлама іс-шаралары аяқталған кезде мынадай нәтижелер алынады:

Міндет бойынша: «Адай және қостанай жылқылары популяцияларының асыл тұқымдық сапалары жөніндегі деректерді жинау, сақтау және өңдеу бойынша қолданыстағы ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын бағдарламалық өнім әзірлеу».

2025 жылы шежіре және геном негізінде жылқы басының статистикалық топтары бар BLUP теңдеулер жүйесін шешудің математикалық және есептеу әдістері әзірленді. Аралас (шежіре және/немесе геном) BLUP моделіндегі біртекті емес дисперсия мәселесін әзірлеу жүргізілді (алгоритм және бағдарлама).

ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымда бір мақала жарияланды.

Міндет бойынша: «Жаңа селекциялық жетістіктер жасау мақсатында салт міністі және өнімді бағытындағы адай жылқылары популяциясын қалыптастыру».

2025 жылы адай жылқыларының қашықтыққа ат жарыстары бойынша төзімділігі мен жылдамдығын анықтау үшін сынақтар жүргізілді. FEI-2002 бекіткен қағидаларға сәйкес өткізілген барлық ресми ат жарыстарындағы адай жылқыларының нәтижелері талданды. Салт міністі және өнімді бағытындағы адай жылқылары популяциясы генотиптерінің фенотиптік және селекциялық-генетикалық сипаттамалары жүйеленіп, зерттелді.

ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымда бір мақала жарияланды.

Міндет бойынша: «Генетикалық детерминацияланған аурулардың бар-жоғына скрининг жүргізе отырып, адай және қостанай жылқылары популяцияларының спецификалық генетикалық маркерлерін валидациялау».

2025 жылы зерттелетін жылқыда генетикалық аурулармен байланысты аллельдердің болуы немесе болмауы бойынша жоғары қауіпті болжау үшін биоинформатикалық талдау жүргізілді.

ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымда бір мақала жарияланды.

Міндет бойынша: «Адай және қостанай жылқылары популяцияларында әзірленген әдістемені одан әрі валидациялай отырып, төзімділікті, жылдамдықты және жүйріктікті ерте болжауға мүмкіндік беретін генетикалық маркерлер панелін әзірлеу».

Генотиптелген деректердің сапасын бақылау және генетикалық ауруларды талдау мен GWAS жүргізуге деректерді дайындау.

 

2025 жылы адай және қостанай жылқыларында төзімділік, жылдамдық және жүйріктік бойынша маңызды SNP-маркерлерді анықтау үшін толық геномдық ассоциативтік зерттеулер жүргізілді.

ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымда бір мақала жарияланды.

 

  1. Бағдарламаны орындауға 3 ғылым докторы, 1 PhD докторы, 3 ғылым кандидаты және 6 магистр қатысты.

 

2025 жыл бойынша толық библиографиялық сипаттамасымен жарияланған жарияланымдар тізімі:

  1. Төреханов А.Ә., Қожанов Ж.Е., Сейсенова Ж.М., Досыбаев Қ.Ж., Ахметов У., Қапасұлы Т., Бекманов Б.О. Адай жылқы тұқымының генетикалық құрылымын SNP маркерлері арқылы талдау // Ғылым және білім. - №2-5 (79). 5-бөлім. - 134-143-бб. https://doi.org/10.52578/2305-9397-2025-2-5-133-143
  2. Төреханов А.А., Нұрмаханбетов Д.М., Қожанов Ж.Е., Ахметов У.А. Адай жылқы тұқымының міністік типінде аталық айғырдың жаңа желісін қалыптастыру // Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің хабаршысы, №3 (74), 278-285-бб. https://agro.korkyt.edu.kz/downloads/arch/journal_author_AGsoTXDn7ZD63nc.pdf
  3. М.К. Наурызбаев, Е.И. Иманғалиев. Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының хабаршысы. №3 (97), 187-202-бб. https://journal.neark.kz/category/zhurnal/%e2%84%96-3-97-2025/
  4. Төреханов А.Ә., Қожанов Ж.Е., Қайыпбай Б.Б., Талжанов Е.А. Қостанай және адай жылқыларындағы тұқым қуалайтын аурулардың генетикалық мониторингі: SCN4A, GYS1, GBE1, PPIB, EDNRB және STX17 мутацияларының тасымалдаушылық жиілігі // Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің «3i: интеллект, идея, инновация» журналы, №3, 1-бөлім, 255-263-бб. https://ojs.ksu.edu.kz/index.php/3i/article/view/1573/739