Жемшөп базасын дамыту — мал шаруашылығының негізі
2026 ж. 21 қаң.
Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын мақұлдады. Аталған құжат саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты (ҚазМШжЖӨҒЗИ) бұл жоспардың отандық мал шаруашылығын жүйелі дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтеді.
Кешенді жоспардың негізгі бағыттарының бірі — жемшөп базасын кеңейту және жайылымдық алқаптарды ұтымды пайдаланудың ғылыми негізделген әдістерін енгізу. Бұл шараларды іске асыру ауыл шаруашылығы жануарларының басын сақтау мен көбейтуге, сондай-ақ олардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Берік жемшөп базасын қалыптастыру мал шаруашылығының тиімділігін арттырудың және ресурстық тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады.
Сонымен қатар, Кешенді жоспарда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттің рөлін күшейтуге бағытталған іс-шаралар көзделген. Ауыл шаруашылығы жануарларын бағалаудың жаңа әдістерін енгізу, асыл тұқымдық мәртебе беру үдерістерін автоматтандыру, асыл тұқымды мал өсіруге маманданған шаруашылықтарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл бағыттағы жұмыстар ғылыми ұйымдардың сүйемелдеуімен селекциялық-асылдандырудың ғылыми негізделген жоспарларының көрсеткіштеріне қол жеткізуді талап етеді.
2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары мемлекеттік қолдау шараларын оларды іске асырудың нақты тетіктерімен үйлестіреді. Бұл отандық асыл тұқымды мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісін дамытудың берік негізін қалыптастырып, аграрлық салаға инвестиция тартудың маңызды индикаторы болмақ.