AP14870941 жобасы – Бәсекеге қабілетті биязы жүнді қой шаруашылығы өнімдерін өндірудің инновациялық технологиясын әзірлеу

Атауы: ЖТН AP14870941 «Бәсекеге қабілетті биязы жүнді қой шаруашылығы өнімдерін өндірудің инновациялық технологиясын әзірлеу».

Өтінім беруші: «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС

Ғылыми жетекшісі: Омаров Рашит Абдыгаравович

Іске асыру кезеңі: 2022-2024 жж.

Өзектілігі

Өзектілік биязы жүнді қой шаруашылығының Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен экономикасы үшін орасан зор маңыздылығынан туындайды. Биязы жүнді қой тұқымдары етті-майлы қойлар деңгейінде қой етін (қозы етін), сондай-ақ әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие биязы меринос жүнін береді. Физика-механикалық сипаттамаларына, жеткізу көлеміне байланысты әлемдік нарықта талшық жіңішкелігі 21 мкм және одан да жіңішке 1 кг бірегей биязы жүн 20 АҚШ долларына бағаланады және тұрақты сұранысқа ие. Ішкі нарық сапалы меринос жүнінің айтарлықтай көлеміне зәру. Алматы қаласының әкімдігі «Атамекен» ҰКП-мен келісе отырып, Алматы қ. экономикалық аймағында трикотаж фабрикасын салуға жер телімін бөлу туралы шешім қабылдады. Жүн трикотаж бұйымдарының түр-түрін дайындау үшін пайдаланылатын болады. Жүн кластерін дамыту Алматы облысының Жамбыл, Кербұлақ, Кеген және Райымбек аудандарының қой шаруашылықтары базасында жүзеге асырылады.

Мақсаты

Бәсекеге қабілетті биязы жүнді қой шаруашылығы өнімдерін өндірудің инновациялық технологиясын әзірлеу.

2023 жылға күтілетін нәтижелер

  1. Биязы жүнді қойлардың жоғары өнімді отарларын құру үшін отандық және шетелдік селекцияның құнды генотиптері іріктеліп, аталық, аналық жұптарды таңдау жүргізіледі.
  2. Отандық және шетелдік генотиптерді пайдалану арқылы алынған таза тұқымды және будан төлдердің өнімділік және асыл тұқымдық қасиеттері зерттеледі.
  3. Таза тұқымды және будан төлдердің өсу және даму ерекшеліктері, сондай-ақ олардың ет-жүн өнімділігі көрсеткіштері зерделеніп, селекциялық құндылығы бар генотиптер анықталады.
  4. Жайылым және бордақылау кезеңдерінде ет және жүн өнімділігі бағытындағы әртүрлі генотипті төлдердің жем-шөпті өтеуі зерделенеді.
  5. Заманауи аспаптар мен жабдықтарды қолдана отырып, әртүрлі жыныс-жас және тұқымдық топтардағы қойлардың жүн өнімділігінің физика-механикалық қасиеттері кешенді түрде зерттеледі.
  6. Әртүрлі жыныс-жас топтарындағы қойларды толыққанды азықтандыру бойынша ұсыныстар әзірленеді.
  7. Өндірістік процестерді жеңілдететін технологиялық жабдықтарды қолданудың тиімділігі анықталады.
  8. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының алынған нәтижелері ҒЖБҚСТМ (КОКСОН) ұсынған ғылыми басылымда жарияланады (1 мақала).

Алынған зерттеу нәтижелері:

Жетісу облысының «Мерей», «Жанайдар» шаруа қожалықтарында және Алматы облысының «ҚазМШЖӨҒЗИ» ЖШС отарларында биязы жүнді қойлардың жоғары өнімді топтарын құру бойынша ҒЗЖ нәтижелерінде отандық және шетелдік селекцияның құнды генотиптері іріктеліп, жұп таңдау жұмыстары жүргізілді. Жасанды ұрықтандыруға (ЖҰ) дайындық кезеңінде дойчемеринофлейшшаф (ДМФШ) қошқарларының тірілей салмағы орташа есеппен 102,0±4,0 кг, ал саулық қойлардікі, тиісінше, 78,9±1,93 кг құрады, бұл көрсеткіш қошқарларда 98,0-106,0 кг, саулықтарда – 68,0-89,8 кг шегінде ауытқыды (1, 2-суреттер). Доне (Дн) асыл тұқымды қошқарлары мен саулықтары бойынша тиісті көрсеткіштер 93,2±1,17 кг және 58,33±0,60 кг құрады, бұл белгінің өзгеру шегі қошқарларда – 88,0-98,4 кг, саулықтарда – 60,2-75,4 кг болды. Қб (Кт) тұқымды саулықтардың орташа тірілей салмағы 55,2±0,4 кг шегінде ауытқыса, ал Ем саулықтарында шаруашылықтар бөлінісінде, тиісінше, 63,8±0,57-65,6±0,37 кг құрады. Шетелдік селекциядағы саулық қойлардың тірілей салмағы бойынша отандық аналогтарынан статистикалық сенімді басымдылығы (P≥0,999) олардың жоғары селекцияланғандығымен және азықтандыру жағдайларының жақсырақ болуымен түсіндіріледі. Олар күздің соңы, қыс және ерте көктем кезеңдерінде жайылымдық азыққа қосымша ретінде тәулігіне, 1 кг құрамында 1,08 азық бірлігі және 86,9 г қорытылатын протеині бар, 0,5 кг мөлшерінде құрамажеммен қосымша қоректендірілді, ал Қб және етті меринос (ЕМ) саулықтары тек жайылымдық азықта ұсталды. «Мерей» ШҚ-да жұп таңдау схемасы бойынша жасанды ұрықтандыруға 514 бас саулық, «ҚазМШЖӨҒЗИ» ЖШС және «Жанайдар» ШҚ отары бойынша тиісінше 408 және 534 бас дайындалды. Жоба бойынша жұмылдырылған барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша шағылыстыру науқанына Қб және ЕМ тұқымды 1456 бас саулық түсуде.

  1. Ағымдағы жылдың көктемінде қойларды өткен жылғы ұрықтандыру нәтижелері бойынша әртүрлі генотиптегі таза тұқымды және будан төлдер алынды. «Мерей» ШҚ-да ДМФШ тұқымы бойынша жартылай қанды жалқы еркек және ұрғашы қозылардың тірілей салмағы 4,4±0,15 және 4,18±0,14 кг құрады, бұл Дн х Ем және таза тұқымды Ем х Ем аналогтары параметрлерінен, тиісінше, 4,8-7,2 және 10,0-13%-ға жоғары. «Жанайдар» ШҚ-ның Ем саулықтарына ДМФШ және Дн тұқымды тұқымдық-қошқарларды пайдалану кезінде салмағы ауырлау және тез жетілетін қозылар алынды. Сонымен, ДМФШ тұқымы бойынша жартылай қанды еркек және ұрғашы қозылардың тірілей салмағы тиісінше 4,2±0,14 және 4,02±0,15; 4,0±0,15 және 3,8±0,14 кг құрады, бұл таза тұқымды Ем х Ем аналогтық параметрлерінен 5,0-5,8 және 7,7 және 8,6%-ға жоғары. Будан төлдер өсу мен дамудың жоғары қарқындылығымен сипатталды және енесінен айыру кезеңіне қарай екі шаруашылық бойынша да ДМФШ тұқымды қошқарлардың қозылары тұстас таза тұқымды Ем және Дн х Ем аналогтарынан асып түсті. Бұл ретте «Мерей» және «Жанайдар» ШҚ-да ДМФШ х Ем еркек (37,8±1,2 және 34,23±1,17) және ұрғашы (31,5±1,19) және 32,02±1,15) қозыларының таза тұқымды төлдерден басымдылығы тиісінше 5,5-4,43 және 3,4-4,22 кг құрады, бұл статистикалық тұрғыдан сенімді (Р≧0,95-0,99). Дн х Ем будан қозылары тірілей салмағы бойынша жоғарыда аталған генотиптер арасындағы орташа көрсеткіштермен сипатталды. «ҚазМШЖӨҒЗИ» ЖШС отары бойынша алынған ғылыми-өндірістік жұмыстардың нәтижелері Жетісу облысының «Мерей», «Жанайдар» шаруа қожалықтарының деректерімен ұқсас.
  2. Енесінен айыру кезеңіндегі, 4 айдағы тірілей салмақтың абсолюттік өсімі ДМФШ х Ем еркек қозылар тобы бойынша 33,4 және 30,04 кг, Дн х Ем және Ем х Ем бойынша тиісінше 30,5 және 28,3; 28,3 және 25,9 кг құрады. Орташа тәуліктік салмақ өсімі 278,3 және 250,3; 254,1 және 235,8; 235,8 және 215,8 г сәйкес келді. ДМФШ х Ем будан еркек қозыларының таза тұқымдылардан басымдылығы «Мерей» ШҚ-да 18,02%-ды, ал «Жанайдар» ШҚ-да – 11,6%-ды құрады. Дн х Ем-нің Ем х Ем-нен артықшылығы тиісінше 7,76 және 9,27%-ды құрады. Ұрғашы қозылар тобы бойынша да будан төлдердің таза тұқымдылардан ДМФШ х Ем бойынша 10,9-16,18% шегінде және Дн х Ем қозылары бойынша 4,5-10,8% шегінде басымдылығы анықталды. Бұл ретте ДМФШ тұқымының генотиптерін пайдалана отырып алынған будан төлдердің таза тұқымдылардан басымдылығы статистикалық тұрғыдан сенімді (Р≧0,95).
  3. Отандық және шетелдік ғалымдардың жайылым және бордақылау кезеңдерінде ет және жүн өнімділігі бағытындағы әртүрлі генотиптегі төлдердің жем-шөпті өтеуін зерттеу бойынша жүргізген жұмыстарына талдау жасалды. Жобаға жұмылдырылған шаруашылықтардың жайылымдық аумақтары зерттеліп, төлдерді жазғы-күзгі кезеңде жаюды жүргізуге тиімді алқаптар анықталды. Қойларды төлдету нәтижелері бойынша ет және жүн өнімділігі бағытындағы әртүрлі генотипті еркек қозылардың жайылымда қоңдану және бордақылану қасиеттерін салыстырмалы түрде анықтау арқылы олардың жем-шөпті өтеуін зерттеу бойынша ғылыми-өндірістік тәжірибелер жүргізілетін болады.
  4. Дн қошқарларының орташа жүн түсімі 9,50±1,23 кг, саулықтарында – 4,60±0,09 кг, таза жүн шығымы – 63,70 және 66,20% құрады. Қошқарлар жүнінің жіңішкелігі орташа есеппен 70-сапаға (19,8 мкм), ал саулықтарда – 80 және 70-сапаларға (17,1 және 18,4 мкм), ұзындығы – 11,0 және 9,97 см сәйкес келді. Зертханалық талдау Дн қошқарларын Қб және ЕМ тұқымдарының жүн өнімділігінің сандық және сапалық параметрлерін жақсартушылар ретінде пайдалануға болатындығын көрсетеді. ДМФШ қошқарларының орташа жүн түсімі 8,42±1,23 кг, саулықтарында – 6,24±0,43 кг, таза жүн шығымы тиісінше 62,19 және 64,1% құрады. Қошқарлар жүнінің жіңішкелігі 64 және 60-сапаларға (22,5 және 24,9 мкм), ал саулықтарда – 64, 60 және 58-сапаларға (21,9, 24,5 және 26,2 мкм), жүннің орташа ұзындығы – 11,6 және 11,5 см сәйкес келді. Нәтижелер олардың бірегей жүн ұзындығын жақсартушылар бола алатындығын айғақтайды. «OFDA 2000» анализаторында жүн үлгілерінің физика-механикалық қасиеттерін зерттеу «Мерей» ШҚ қойларының 66 үлгі бойынша орташа жүн жіңішкелігі 22,2 мкм (64к), жүн ұзындығы – 73,6 мм, жүннің жайлылық факторы (комфорт фактор) – 93,6%-ға сәйкес келетінін көрсетті. «Жанайдар және К» ШҚ қойларының 57 үлгі бойынша орташа жүн үлгілерінің жіңішкелігі 21,5 мкм (64к), жүн ұзындығы – 75,1 мм, жүннің жайлылық факторы – 95,2%-ға сәйкес келді. Тәжірибедегі қойлардың жүнінің шайыр (жиропот) мөлшерін анықтау жүн шайырының ең көп мөлшері етті меринос қошқарларында – 26,26%, содан кейін қазақтың биязы жүнді қойы тұқымының қошқарларында – 23,60% екенін көрсетті. ДМФШ қошқарларының жүн шайыры 23,30%, доне қошқарларында – 18,87%-ды құрады. Қошқарлар арасында тер/май (пот/жир) параметрлерінің ең оңтайлы арақатынасы доне қочқарларында – 0,72, Қб қошқарларында – 0,84, ЕМ қошқарларында – 0,92, ДМФШ қошқарларында – 0,97 болды. Саулықтар арасында жүндегі жүн шайырының ең көп мөлшері доне саулықтарында – 23,13%, содан кейін ДМФШ-да – 23,02%, Қб-да – 21,16%, ЕМ-де – 20,87% анықталды. Доне саулықтарының жүніндегі тер/май арақатынасы 1,16, Қб саулықтарында – 1,18, ДМФШ саулықтарында – 1,26, ЕМ саулықтарында – 1,36 құрады. Жүндегі майдың ең аз мөлшері ЕМ (8,82%) және Қб (9,70%) тұқымды саулықтардың жүнінде байқалды. Доне және ДМФШ саулықтарының жүніндегі май мөлшері 10,73% және 10,19% құрады.
  5. Зертханалық талдаулардың нәтижелері бойынша жобаға жұмылдырылған ауыл шаруашылығы құрылымдарының қысқы кезеңдегі жайылымдық азықтарының 1 кг -да (табиғи салмақпен) 0,44-0,45 азық бірлігі немесе 6,2-6,3 МДж алмасу энергиясы болды, қорытылатын протеин деңгейі 39,7-43,7 г құрады, кальций (Ca) мөлшері 8,0-9,7 шегінде, ал фосфор (P) – 2,0-2,5 г шегінде ауытқыды. Көктемгі кезеңде жайылымдық азықтың 1 кг табиғи салмағында 0,23-0,24 азық бірлігі немесе 2,72-2,85 МДж алмасу энергиясы болды, қорытылатын протеин деңгейі 24,4-24,7 г құрады, кальций (Ca) мөлшері 1,9-2,0 шегінде, ал фосфор (P) – 0,9-1,0 г шегінде ауытқыды. Азықтардың химиялық құрамының өзгеруіне, әсіресе жайылымдық өсімдіктердің табиғи салмағында ылғалдың меншікті салмағының артуына (1,94-2,02 есе) байланысты, көктемде қысқы кезеңмен салыстырғанда, азық бірлігі мен алмасу энергиясының мөлшері тиісінше 46,67-49,9 және 54,04-56,83%-ға азайды. Бұл ретте «Жанайдар және К» ШҚ жайылымдық азықтарында кальций мен фосфордың 4,21 және 2,77 есе шегінде төмендеуі анықталды, «Мерей» ШҚ бойынша тиісті параметрлер 4,85 және 2,0 есені құрады. Осыған байланысты, күздің соңы, қыс және ерте көктем кезеңдерінде жайылымдық өсімдіктерге қосымша ретінде, рациондағы ұсақталған дәнді азық салмағынан 1% нормасы бойынша отандық «Агровит» кәсіпорнының минералды қоспасымен байытылған ұсақталған арпамен жануарларды қосымша қоректендіруді ұйымдастыру ұсынылады. Буаздықтың 2-жартысындағы және лактацияның 1-жартысындағы саулықтардың рационына 1 кг сапалы пішенді және 0,4-0,5 кг салмақтағы минералды қоспамен байытылған дәнді азықты қосу жасұнықтың (клетчатка) меншікті салмағының біршама төмендеуі және рационның теңгерімділігі есебінен энергия деңгейін, қоректік заттардың қорытылуын арттыруға ықпал етеді. Тәжірибелік топтардағы саулықтар мен қозылардың рационын теңгерімдеу үшін пайдаланылған 1 кг арпаның энергетикалық құндылығы 1,18-1,21 азық бірлігін немесе 11,17-11,23 МДж құрады, қорытылатын протеин деңгейі – 65,70-72,62 г, Ca мөлшері 1,7-2,3 шегінде, ал P – 2,3-3,0 г шегінде ауытқыды. Жоңышқа пішені бойынша ұқсас параметрлер: 0,50-0,53 а.б., 7,74-7,78 МДж, 105,9-106,82; 16,2-18,0 және 2,7-3,4 г құрады. «Агровит» ЖШС жемшөп қоспасының құрамы, грамм/тонна: темір – 2500, марганец – 2000, мырыш – 2000, мыс – 200, йод – 100, кобальт – 100, селен – 15.
  6. Қойларды төлдету, бонитировкалау және енесінен айыру өндірістік процестерін жеңілдететін, еңбек шығындарын 1,5-1,8 есе және жұмыс уақытының ұзақтығын 1,6-1,9 есе қысқартатын технологиялық жабдықтарды (мобильді мал қорасы, өлшеу жүйелері) қолданудың тиімділігін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді.
  7. ҒЗЖ-ның алынған нәтижелері ҒЖБҚСПМ (КОКНВО) ұсынған «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің хабаршысы» журналында жарияланды (1 мақала). Кенжебаев Т.Е, Омашев К.Б., Асылбекова Э.Б., Ахатова З.А., Камилов Д.А. Методы улучшения продуктивности мясо-шерстных тонкорунных овец // Вестник Кызылординского университета имени Коркыт Ата. Серия сельскохозяйственных наук. №3-1, (66). 2023. С.298-306.

2024 жылға күтілетін нәтижелер

  1. Биязы жүнді қойлардың жоғары өнімді отарларын құру үшін отандық және шетелдік селекцияның құнды генотиптері іріктеліп, аталық, аналық жұптарды таңдау жүргізіледі.
  2. Отандық және шетелдік генотиптерді пайдалану арқылы алынған таза тұқымды және будан төлдердің өнімділік және асыл тұқымдық қасиеттері зерттеледі.
  3. Таза тұқымды және будан төлдердің өсу және даму ерекшеліктері, сондай-ақ олардың ет-жүн өнімділігі көрсеткіштері зерделеніп, селекциялық құндылығы бар генотиптер анықталады.
  4. Жайылым және бордақылау кезеңдерінде ет және жүн өнімділігі бағытындағы әртүрлі генотипті төлдердің жем-шөпті өтеуі зерделенеді.
  5. Заманауи аспаптар мен жабдықтарды қолдана отырып, әртүрлі жыныс-жас және тұқымдық топтардағы қойлардың жүн өнімділігінің физика-механикалық қасиеттері кешенді түрде зерттеледі.
  6. Әртүрлі жыныс-жас топтарындағы қойларды толыққанды азықтандыру бойынша ұсыныстар әзірленеді.
  7. Өндірістік процестерді жеңілдететін технологиялық жабдықтарды қолданудың тиімділігі анықталады.
  8. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының алынған нәтижелері ҒЖБҚСТМ (КОКСОН) ұсынған ғылыми басылымда жарияланады (1 мақала).
  9. Күтілетін нәтижелерге сәйкес, ғылыми-зерттеу жұмыстарының алынған нәтижелері Web of Science базасының Science Citation Index Expanded индекстелетін және (немесе) Scopus базасындағы CiteScore бойынша кемінде 35 (отыз бес) процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымда жарияланады (1 (бір) мақала немесе шолу).

Алынған зерттеу нәтижелері:

Отандық және шетелдік селекцияның құнды генотиптері іріктелді. 317 бас бір жасар ұрғашы қозыны бонитировкалау (кешенді бағалау) нәтижелері бойынша, оның ішінде саулық қойлар тобын толықтыру үшін бірінші және элита класты 228 бас төл іріктеп алынды, соның ішінде «Мерей» ШҚ бойынша – 126 бас (74,1%) және «Жанайдар» ШҚ бойынша – 102 бас (69,4%). Бұл мал басы қойларды жасанды ұрықтандыруды өткізу кезеңінде жоғары өнімді биязы жүнді қой отарларын толықтыру үшін селекцияланатын белгілерді жақсартушы элиталық асыл тұқымды қочқарлармен аталық, аналық жұптарды таңдауда пайдаланылатын болады.

«Мерей» ШҚ мен «Жанайдар» ШҚ-да биязы жүнді қойлардың жоғары өнімді отарларын құру үшін отандық және шетелдік селекцияның құнды генотиптері іріктеліп, ата-лық, аналық жұптарды таңдау жүргізілді. Етті меринос тұқымды саулық қойлар селекцияланатын белгілерді жақсартушы Дн және ДМФШ қошқарларының ұрығымен ұрықтандырылды. Жасанды ұрықтандыру пункттерінде пайдаланылған шетелдік селекциядағы асыл тұқымдық қошқарлардан жаңадан алынған шәует өнімі белсенді және қою деп бағаланды, бұл олардың паратиптік жағдайларға жеткілікті деңгейде бейімделгендігінің көрсеткіші болып табылады.

Отандық және шетелдік генотиптерді пайдалану арқылы алынған таза тұқымды және будан төлдердің өнімділік және асыл тұқымдік қасиеттері зерттелді. Ағымдағы жылдың 25 наурызы мен 26 сәуірі аралығындағы төлдету кезеңінде отандық селекциядағы етті меринос (ЕМ) және шетелдік селекциядағы доне (Дн) мен дойчемеринофлейшшаф (ДМФШ) асыл тұқымды қошқарларын пайдалану негізінде алынған таза тұқымды және будан төлдерді есепке алу жүргізілді. «Мерей» және «Жанайдар және К» ШҚ бойынша жаңа туылған жалқы еркек және ұрғашы қозылардың шығу тегі бөлінісіндегі орташа тірілей салмағы: 3,9±0,10-4,2±0,13 және 3,7±0,12-4,0±0,12 кг; 3,9±0,1-4,1±0,07 және 3,7±0,1-3,9±0,1 кг құрады. Бұл ретте ДМФШ асыл тұқымды қошқарларын пайдаланудан алынған будан қозылар тірілей салмағы бойынша басқа жұп таңдау нұсқаларынан алынған тұстастарынан 1,5-2,5%-ға асып түсті.

Туылған кезде салыстыру топтарындағы қозылардың тірілей салмақ бойынша айтарлықтай айырмашылығы болған жоқ. Енесінен айыру кезеңінде ДМФШ х Ем еркек және ұрғашы қозыларының тірілей салмағы бойынша Дн х Ем және таза тұқымды төлдерден басымдылығы тиісінше 2,6-2,23 және 1,23-1,13 кг құрады. Будан ДМФШ х Ем төлдерінің бір жасар Дн х Ем тұстастарынан басымдылығы сенімді (Р≧0,999), ал таза тұқымды Ем х Ем-нен статистикалық тұрғыдан тек еркек қозылар тобы бойынша ғана сенімді (Р≧0,997) Ұрғашы қозылар тобы бойынша көрсеткіш сенімділік шамасына жақын (td = 1,8).

Таза тұқымды және будан төлдердің өсу және даму ерекшеліктері, сондай-ақ олардың ет-жүн өнімділігі көрсеткіштері зерделеніп, селекциялық құндылығы бар генотиптер анықталды. Шаруашылықтар бөлінісінде таза тұқымды және будан жалқы қозылардың дене мүшелерінің зоотехникалық өлшемдері (шоқтығының биіктігі, сауыр биіктігі, дененің қиғаш ұзындығы, кеуде тереңдігі, кеуде ені, кеуде орамы, мықын ені, жіліншік орамы) алынды (будан төлдер тобы бойынша n=10-30 бас, таза тұқымды төлдер тобы бойынша 30 бас). Малдың етті бітімін сипаттайтын ендік өлшемдердің көрсеткіштері бойынша (кеуде ені, кеуде орамы, мықын ені) будан ДМФШ қозылары Дн және ЕМ тұқымды қошқарлар пайдаланылған басқа жұп таңдау нұсқаларынан алынған төлдерден біршама (1,2-2,4%) артық болды. Биіктік өлшемдерінің (шоқтық және сауыр биіктігі) параметрлері бойынша салыстырмалы топтардың тұстастары арасында айырмашылықтар анықталған жоқ. Селекциялық топқа құнды генотиптер ретінде 73 бас элита ұрғашы тоқты іріктелді, бұл базалық шаруашылықтардың ұнамды типтегі бір жасар ұрғашы тоқтылар жалпы санының 32%-ын құрайды.

Таза тұқымды және будан төлдердің ет-жүн өнімділігі көрсеткіштері зерделеніп, селекциялық құндылығы бар генотиптер анықталды. Дене салмағының өзгерістерін және экстерьерлік ерекшеліктерін зерделеу ДМФШ бойынша будан төлдердің, басқа генотиптермен салыстырғанда, тез жетілгіштігімен және айқын етті бітімімен ерекшеленетінін көрсетті. Экстерьерлік ерекшеліктері мен ет-жүн өнімділігін бағалау нәтижелері бойынша саулық отарды толықтыру үшін базалық шаруашылықтардың бір жасар ұрғашы қозыларының 73.2%-ы іріктеп алынды.

Жайылымда бағу және бордақылау кезеңдерінде ет және жүн өнімділігі бағытындағы әртүрлі генотипті төлдердің жем-шөпті өтеуі зерделенді. Нәтижелер көрсеткендей, тірілей салмақ өсімімен жем-шөпті өтеудің ең жақсы мөлшерімен ДМФШ х Ем еркек қозылары, содан кейін таза тұқымды Ем ерекшеленеді. Дн х Ем қозылары жүн өнімділігінің жоғары сандық және сапалық параметрлерімен сипатталады, генетикалық тұрғыдан жүн өнімділігімен жем-шөпті жоғары өтеуімен ерекшеленеді. Бордақылау кезінде ДМФШ х Ем және таза тұқымды Ем еркек қозылары 1 кг тірілей салмақ өсіміне 6,9 және 7,6 азық бірлігін жұмсады, бұл Дн х Ем тұстастарынан тиісінше 16,7 және 8,43%-ға төмен.

Ағымдағы жылы жүнге зертханалық талдау «Мерей» ШҚ (63 үлгі) және «Жанайдар және К» ШҚ (90 үлгі) саулықтарынан, таза тұқымды және будан төлдерінен алынған 123 үлгі бойынша жүргізілді. Заманауи аспаптар мен жабдықтарды қолдана отырып, әртүрлі жыныс-жас және тұқымдық топтардағы қойлар жүнінің физика-механикалық қасиеттері кешенді түрде зерттелді. Доне тұқымды қошқарлар мен саулықтар жүн талшықтарының диаметрі бойынша ең жіңішке жүнмен сипатталды, жүннің жіңішкелігі 15,9-дан 19,7 микрометрге (80 және 70-сапа) дейін ауытқыды. Дойчемеринофляйшшаф тұқымды саулық қойлардың жүн талшықтарының диаметрі 21,9-дан 27,2 микрометрге дейін (70, 64 және 60-сапа), ал Қб және Ем саулықтарыныкі – 64 және 60-сапаны құрады. Қб саулық қойларының жүн ұзындығы 70,0-ден 95,0 мм-ге дейін, ал Ем-дікі – 70,0-110,0 мм-ге дейін ауытқыды. Салыстырылып отырған тұқымдар жүн өнімділігі ұзындығы бойынша жүн талшықтарының камвольдік типіне сәйкес келеді. Доне қошқарлары жүннің сандық және сапалық параметрлерінің ең жақсы көрсеткіштерін жеткілікті деңгейдегі ет өнімділігімен ұштастырады, ал ДМФШ қошқарлары жүннің үлкен ұзындығын айқын етті дене бітімімен ұштастыратын генотип ретінде асыл тұқымдық құндылыққа ие.

Әртүрлі жыныс-жас топтарындағы қойларды толыққанды азықтандыру бойынша ұсыныстар әзірленді.

1. Жетісу облысының «Мерей» шаруа қожалығының мысалында күрделі физиологиялық кезеңдерде биязы жүнді саулық қойларды толыққанды азықтандыру бойынша ұсыныстар. Кенжебаев Т.Е, Омашев К.Б., Асылбекова Э.Б., Есжанова Э.Б., Омаров Р.А., Омар Д.Р., Ахатова З.А., Исагулов Н.Е, Камилов Д.А. Алматы: «ҚазМШЖӨҒЗИ» ЖШС, 2024.- 19 б. ISBN 978-601-7920-61-6

2. Жетісу облысының «Жанайдар және К» ШҚ буаз және лактациядағы биязы жүнді саулық қойларын толыққанды азықтандыру бойынша ұсыныстар. Омаров Р.А., Кенжебаев Т.Е, Омашев К.Б., Асылбекова Э.Б., Кожемжаров Е.С., Омар Д.Р., Ахатова З.А., Исагулов Н.Е, Камилов Д.А. Алматы: «ҚазМШЖӨҒЗИ» ЖШС, 2024.- 19 б. ISBN 978-601-7920-62-3

Бір жасар тоқтыларды бонитировкалауды жүргізуде өндірістік процестерді жеңілдететін технологиялық жабдықтарды қолданудың тиімділігі анықталды және ендіру актілері алынды. Мобильді мал қоршауларын, фиксаторы бар электронды таразыларды қолдану, радиотолқынды биркаларды (ен салу) пайдалана отырып, қойларды есепке алуды модернизациялау еңбек өнімділігін 1,6-2,5 есе арттыруды қамтамасыз етіп, маусымдық жұмысшыларға ақы төлеу бойынша еңбек шығындары мен қаражат шығыстарын төмендетті.

ҒЗЖ нәтижелерін өндіріске ендіру актілері алынды:

  • Жетісу облысы Кербұлақ ауданының «Мерей» ШҚ-да №1;
  • Жетісу облысы Көксу ауданының «Жанайдар және К» ШҚ-да №2.

15 тамызда «Бәсекеге қабілетті биязы жүнді қой шаруашылығы өнімдерін өндірудің инновациялық технологиясын әзірлеу және өндіріске ендіру» тақырыбында семинар өткізілді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының алынған нәтижелері ҒЖБҚСТМ (КОКСОН) ұсынған ғылыми басылымда жарияланды (1 мақала):

  • Асылбекова Э.Б., Омашев К.Б., Кенжебаев Т.Е., Ахатова З.А., Камилов Д.А. Физико-механические свойства шерсти мясо-шерстных тонкорунных овец / Ізденістер, нәтижелер – Исследования, результаты. №2 (102) 2024, Алматы, Б.5-14. DOI: https://doi.org/10.37884/2-2024/01

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының алынған нәтижелері, жоспарға сәйкес, (Web of Science базасының Science Citation Index Expanded индекстелетін және (немесе) Scopus базасындағы CiteScore бойынша кемінде 35 (отыз бес) процентилі бар рецензияланатын ғылыми басылымда 1 (бір) мақала немесе шолу) жарияланды:

  • Kenzhebaev T.E., Omashev K.B., Asylbekova E.B., Omarov R.A., Akhatova Z.A., Kamilov D. Effect of fertilizing on the productivity of pregnant and lactating queens, growth and development of their offspring / Brazilian Journal of Biology, Volume 84. 2024 CiteScore 2024 -2,8, 59-процентиль по направлению «Agricultural and Biological Sciences: General Agricultural and Biological Sciences» DOI: https://doi.org/10.1590/1519-6984.288520

Өткізілген семинар:

2024 жылғы 15 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында «ҚазМШЖӨҒЗИ» ЖШС «Қ.Ү. Медеубеков атындағы Қой шаруашылығы ҒЗИ» филиалында «Бәсекеге қабілетті биязы жүнді қой шаруашылығы өнімдерін өндірудің инновациялық технологиясын әзірлеу және өндіріске ендіру» тақырыбында семинар өткізілді.

Зерттеу тобы:

1 техника ғылымдарының докторы, 3 ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 1 ғылым магистрі және 1 магистрант