BR21882201 бағдарламасы – Селекцияның, генетиканың және биотехнологияның жаңа әдістерімен құйрықты қойлардың ет өнімділігін арттыру
Атауы: ЖТН BR21882201 «Селекцияның, генетиканың және биотехнологияның жаңа әдістерімен құйрықты қойлардың ет өнімділігін арттыру».
Өтінім беруші: «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС
Ғылыми жетекші: Құлатаев Бейбіт Тұрғанбекұлы
Іске асыру кезеңі: 2023-2025 жж.
Өзектілігі
Бағдарламаның идеясы – шетелдік австралия ақ қойы, гемпшир, дорпер және суффольк тұқымды қошқарларды Алматы, Жетісу, Жамбыл, Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарының шаруашылықтарындағы қазақы құйрықты қылшық жүнді қой және басқа да тұқымдар саулықтарымен будандастыру арқылы етті-майлы қойлардың ет өнімділігін жақсарту болып табылады. Ет өнімділігі мен өсімталдығы жоғары, генетикалық құнды қойлар зоотехникалық есепке алу және CAST, GDF9, IGFBP, DGAT1 гендері мен OvineSNP50 BeadChip чипі бойынша ДНК генотиптеу деректері негізінде іріктеліп алынады.
Мақсаты
Шетелдік мамандандырылған етті тұқымдармен будандастыру, ДНҚ технологияларының көмегімен қошқарлар мен саулықтардың құнды генотиптерін олардың өнімділік көрсеткіштері бойынша іріктеу және оларды биотехнологиялық әдістермен жеделдетіп көбейту арқылы Қазақстанның етті-майлы қойларының өсімталдығын арттыру, ет өнімділігі мен өнім сапасын жақсарту.
- жылға арналған күтілетін нәтижелер
- 9 базалық шаруашылықтың тәжірибелік отарларындағы негізгі қошқарлар мен саулықтардың күйіне фенотиптік бағалау, салмағы мен дене өлшемдерін алу және жекелеген жануарларды суретке түсіру арқылы мониторинг жүргізіледі. Әртүрлі жыныс, жас топтарындағы қойларды азықтандыру және күтіп-бағу технологиясы бағаланады.
- 200 қошқар мен 500 саулықтан биологиялық үлгілер алынып, олардан бөлінген ДНҚ GDF9, CAST, IGFBP, DGAT1 гендері бойынша OvineSNP50K BeadChip чипі қолданылып генотиптеледі.
- Шетелдік тұқымдар қошқарлары сатып алынады. Олардан және құйрықты қошқарлардан 10-15 эякуляттан шәует алынып, бағаланады. Шәует сапасы жақсы қошқарлар тәжірибелік және бақылау топтарындағы саулықтардың отарларына бекітіледі.
- Еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы, қазақтың құйрықты ұяң жүнді қойы, ордабасы, гемпшир, дорпер және австралия ақ қойы тұқымдары қошқарларының жаңадан алынған және мұздатылған шәуетімен цервикалды және лапароскопиялық әдістермен 4400 саулық ұрықтандырылады.
Алынған зерттеу нәтижелері
- Қойылған міндеттерге сәйкес, ағымдағы жылы базалық шаруашылықтардың тәжірибелік отарларындағы негізгі қошқарлар мен саулықтарға фенотиптік бағалау, салмағы мен дене өлшемдерін алу және жекелеген малды суретке түсіру арқылы мониторинг жүргізілді. Атап айтқанда: Алматы облысының «Медхан» ШҚ, Жамбыл облысының «Разахун» ШҚ және «Шаушен» ШҚ, Жетісу облысының «Тоқан 1» ШҚ және «Алаколь-Агро» ЖШС, Түркістан облысының «Алтыбас» ЖШС, Абай облысының «Елькентай» АӨК және «Нұр» ШҚ-дағы қазақы құйрықты қылшық жүнді қой тұқымы бойынша; Ақмола облысының «Сулейменова К.С.» ШҚ және Солтүстік Қазақстан облысының «Шұгыла LTD» ЖШС-дегі еділбай тұқымы бойынша; Ақмола облысының «Жаңа Береке» ЖШС-дегі қазақтың құйрықты ұяң жүнді қойы тұқымы бойынша жұмыстар атқарылды.
- Базалық шаруашылықтардағы зерттелген тұқымдардың қойлары өнімділік қасиеттері, конституциясы және фенотипі бойынша жоғарыда аталған тұқымдардың параметрлеріне сәйкес келетіні анықталды. Базалық шаруашылықтардағы қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы тұқымы саулықтарының орташа тірілей салмағы 60-70 кг-ға дейін, тұқымдық-қошқарларда – 90 -105 кг-ға дейін; еділбай тұқымды саулықтарында – 65-75 кг-ға дейін, тұқымдық-қошқарларында – 90-110 кг-ға дейін; қазақтың құйрықты ұяң жүнді қойы тұқымы саулықтарында – 55-тен 65 кг-ға дейін, тұқымдық-қошқарларда – 85-тен 95 кг-ға дейін ауытқыды. Шетелдік селекциядағы қошқарлардың тірілей салмағы 90-125 кг аралығында болды.
- Тұқымдық-қошқарлардың шәуеттеріне сандық және сапалық көрсеткіштер бойынша бағалау жүргізілді. Қошқарлар көлемі 1,2-1,5 мл және қозғалғыштығы 8 балдан кем емес, консистенциясы қою және орташа шәуеттер бөлді.
- Элиталық қошқарлар мен саулықтардан (n=700) биологиялық материал жиналып, ДНҚ бөлінді, сондай-ақ GDF9, CAST, IGFBP, DGAT1 гендеріне OvineSNP50K BeadChip чипі бойынша генотиптеу жүргізілді. Зерттелген қойлардан барлығы 219 маңызды SNP-маркер анықталды. Бұл SNP-маркерлер 2, 6, 9, 10, 13 және 16-аутосомды хромосомаларда табылды. SNP-тердің ең көп саны (56) 10-хромосомадағы 35582489 және 39312880 позициялары арасында анықталды. Бұл ретте SNP-тердің ең аз саны (1) 6 және 10-хромосомалардағы 79903497-79903497 және 35582489-39312880 позициялары арасында байқалды. Барлық анықталған маңызды SNP-маркерлер гендер онтологиясының веб-сайтында DAVID құралымен аннотацияланып, нәтижесінде келесі гендер анықталды: MYBPC1, CACNA2D1, TASP1 және MSTN.
- Ағымдағы жылдың шағылыстыру маусымына құйрықты және шетелдік тұқымдық-қошқарлар (n=100) шәует алу және оның сапасын бағалау арқылы дайындалды, кейіннен олар тәжірибелік және бақылау топтарындағы саулықтарға бекітілді. Шетелдік тұқымдардың 10 тұқымдық-қошқары сатып алынды.
- 2023 жылы отандық (еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы, қазақтың құйрықты ұяң жүнді қойы) және шетелдік (австралия ақ қойы, гемпшир, дорпер) тұқымдық-қошқарлардың шәуетімен етті-майлы бағыттағы 4410 саулық ұрықтандырылды.
- жылға арналған күтілетін нәтижелер
- 2023 жылдың күзінде ұрықтандырылған 4400 саулықтың төлдеуі есепке алынады. Қозылардың туған кездегі тірілей салмағы өлшеніп, оларға жеке нөмірлері бар құлақ сырғалары тағылады.
- 200 қошқар мен 500 саулықтан биологиялық үлгілер алынып, олардан бөлінген ДНҚ GDF9, CAST, IGFBP, DGAT1 гендері бойынша OvineSNP50K BeadChip чипі қолданылып генотиптеледі.
- Саулықтардан 4 айлық бақылау және тәжірибелік қозылар бөлініп алынады, олардың салмағы мен дене өлшемдері алынады.
- Аналарынан бөлінгеннен кейін 50 еркек қозы сойылып, ұшасы мен етінің сапа көрсеткіштері анықталады.
- Әртүрлі генотиптегі қозылардан 30 ет үлгісі алынады (әр топтан 3 үлгі). Олардың дәмдік қасиеттері, химиялық және биохимиялық құрамы анықталады.
- Шағылыстыруға генотиптерін салыстыру көзделген 50 будан (жарты қанды) еркек тоқты-қошқарлар дайындалады.
- 8 айлық әртүрлі генотиптегі 50 еркек қозыны бордақылау және сою жұмыстары жүргізіліп, олардың ұшасы мен ет сапасының көрсеткіштері анықталады.
- Шағылыстыру сызбасына сәйкес, шетелдік, отандық және будан қошқарлардың шәуетімен 6900 етті-майлы саулық және олардың будандары ұрықтандырылады.
- 50 құйрықты қой-донор іріктеліп алынып, гонадотропты гормондардың көмегімен оларда суперовуляция тудырылады, содан кейін эмбриондар жуылып, криоконсервацияланады және трансплантацияланады.
- Саулықтардың төлдеуі, қозыларды 4-4,5 айлық жасында бөліп алу және сою бойынша тәжірибелік деректер талданады.
Алынған зерттеу нәтижелері:
1. «Тоқан-1» ШҚ, «Разахун» ШҚ, «Медхан» ШҚ, «Шаушен» ШҚ, «Елькентай» АӨК, «Нұр» ШҚ, «Жаңа Береке» ШҚ және «Шұғыла LTD» ЖШС-нде 2023 жылдың күзінде ұрықтандырылған 4400 саулықтың төлдеуі есепке алынды. 2024 жылғы төлдеу нәтижелері бойынша, қыстың қатал болуына қарамастан, шаруашылықтарда саулықтардың төлшеңдігі тұқымның орташа көрсеткіштері деңгейінде болып, шаруашылықтар бөлінісінде 100 саулықтан 90-нан 114-ке дейін қозы алынды. Бұл ретте егіз қозылардың шығымы 10%-ды құрады. Қозылардың туған кездегі тірілей салмағы өлшеніп, оларға жеке нөмірлері бар құлақ сырғалары тағылды.
2. 200 қошқар мен 500 саулықтан биологиялық үлгілер алынып, олардан бөлінген ДНҚ GDF9, CAST, IGFBP-3, DGAT1 гендері бойынша OvineSNP50K BeadChip чипі қолданылып генотиптелді. Қазақтың құйрықты қылшық жүнді (ҚҚҚЖҚ) қой тұқымында IGFBP-3 (инсулин тәріздес өсу факторын байланыстырушы ақуыз - 3) генінің рестрикциялық фрагменттері ұзындығының полиморфизмін анықтау бойынша зерттеулер (ПДРФ-талдау) жүргізілді. IGFBP-3 гені өсу мен метаболизмді реттеуде маңызды мәнге ие, бұл оны қойлардың өнімділігін жақсартуға бағытталған селекциялық процестің негізгі элементі етеді. Нәтижелер зерттелген ҚҚҚЖҚ тұқымды қой үлгілерінде IGFBP-3 гені бойынша полиморфизмнің жоқ екенін көрсетті. ҚҚҚЖҚ тұқымды қойлардың генетикалық әртүрлілігін зерттеу шеңберінде CAST (калпастатин) геніне де ПДРФ-талдау жасалды. Бұл ген еттің сапасы мен қой өнімділігін анықтауда маңызды рөл атқарады, сондықтан ол селекциялық іріктеудің басты нысаны болып табылады. Нәтижелер ҚҚҚЖҚ қой популяциясында CAST генінің әртүрлі аллельдері бар екенін растайды, бұл осы тұқымның генетикалық әртүрлілігін айғақтайды.
3. Саулықтардан 4 айлық бақылау және тәжірибелік топтар қозылары бөлініп алынып, олардың салмағы мен дене өлшемдері алынды. Енелерінен бөлінген кезде етті бағыттағы дорпер және австралия ақ қойы тұқымдық-қошқарларымен будандастырудан алынған қозылардың дене өлшемдерінің жоғары көрсеткіштері байқалды. Дене өлшемдері қойлардың өнімділік бағытын көрсететін сыртқы пішінін (экстерьерін) жақсы сипаттайды. Тиісті өлшемдер негізінде есептелген дене бітімі индекстері малдың тезжетілгіштігін, етті пішінін және конституциясының мықтылығын айқындайды. Қозылардың шоқтығының биіктігінде 6-7 см айырмашылық байқалады. Бұған тұқымдық ерекшеліктер де, азықтандыру мен күтіп-бағу жағдайлары да үлкен әсер етеді. Енелерінен бөлінген кездегі кеуде орамы етті бағыттағы дорпер (ДР) және австралияның ақ қойы (АБ) тұқымдарымен будандастырылған қозыларда, бақылау тобындағыларға қарағанда, сәл артық болды: еркек қозыларда 75,6±1,5 см және ұрғашы қозыларда 72,5±0,5 см. Басқа дене өлшемдері бойынша қозылар арасында айтарлықтай айырмашылықтар болған жоқ.
4. Аналарынан бөлінгеннен кейін 50 еркек қозы сойылып, ұшасы мен етінің сапа көрсеткіштері анықталды. Сою үшін әр генотиптік топтан орташа көрсеткіштерге сай тоқтылар іріктеліп алынды. Енелерінен бөлінген кезде топтар бөлінісіндегі орташа тірілей салмақ көрсеткіштері келесідей болды: ҚҚҚЖҚ – 34,8 кг, ДР/ҚҚҚЖҚ – 35,3 кг, АБ/ҚҚҚЖҚ – 34,5 кг. Қозылардың туылғаннан 4 айлық жасқа дейінгі тірілей салмағының динамикасы көрсеткендей, ең жоғары тәуліктік орташа салмақ қосымы дорпер будандары (жарты қанды) арасында байқалды. АБ х ҚҚҚЖҚ будан еркек қозылары ұша салмағы бойынша «Шаушен» ШҚ-нан алынған ДР х ҚҚҚЖҚ тұстастарынан 5,22 кг-ға немесе 23,58%-ға, ал «Тоқан-1» ШҚ-нан алынған ДР х ҚҚҚЖҚ тұстастарынан 1,51 кг-ға немесе 8,19%-ға төмен болды. Ұша шығымы көрсеткіші бойынша да ДР х ҚҚҚЖҚ будандарының басымдылығы айқын байқалды: «Шаушен» ШҚ-да – 50,70%, «Тоқан-1» ШҚ-да – 52,67%. Бұл ретте, құйрық майының салмағын есепке алғанда, жоғары сойыс шығымы «Разахун» ШҚ (52,14%) және «Тоқан-1» ШҚ (52,55%) таза тұқымды ҚҚҚЖҚ еркек қозыларында тіркелді. Сонымен қатар, ең жоғары сойыс шығымы көрсеткішімен «Тоқан-1» ШҚ-нан алынған ДР х ҚҚҚЖҚ будан еркек қозылары ерекшеленді — 53,60%. «Шұғыла LTD» ЖШС мен «Жаңа Береке» ЖШС-нде еркек қозыларды сою жұмыстары жүргізілді, тәжірибелік және бақылау топтарындағы малдың қоңдылығы жақсы болды. Тірілей салмағы мен сойыс шығымы бойынша 2-топтағы дорпер тұқымды будандар бақылау тобындағы тұстастарынан тірілей салмағы бойынша 1,84 кг-ға (4,1%-ға), сойыс салмағы бойынша 1,7 кг-ға (7%-ға) және сойыс шығымы бойынша 3,8-9,8%-ға басым түсті.
5. Әртүрлі генотиптегі қозылардан 30 ет үлгісі алынды (әр топтан 3 үлгі). Олардың дәмдік қасиеттері, химиялық және биохимиялық құрамы анықталды. Ұшалардың морфологиялық құрамын зерттеу көрсеткендей, ет-май ұлпаларының шығымы бойынша «Шаушен» ШҚ және «Тоқан-1» ШҚ-ның ДР х ҚҚҚЖҚ будан еркек қозылары басымдық танытты: тиісінше 78,55% және 78,34%. Олардың еттілік коэффициенті, тиісінше , 3,65 және 3,62-ні құрады. Бақылау тобындағы тұстастарымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш бойынша айырмашылық сенімді түрде жоғары болды. Еттің тағамдық құндылығы негізінен оның құрамындағы ақуыз, май және ылғал мөлшерімен анықталады. Еркек қозылар етінің химиялық құрамын зерттеу көрсеткендей, еттің құрамдас компоненттерінің мөлшері бойынша ДР х ҚҚҚЖҚ будандары, таза тұқымды ҚҚҚЖҚ және АБ x ҚҚҚЖҚ будандарымен салыстырғанда, ең үздік көрсеткіштермен ерекшеленеді. Талдау жасалған қозылар етіндегі ақуыз мөлшері тең болған жағдайда, ең көп май мөлшері «Тоқан-1» ШҚ-ның ҚҚҚЖҚ қойларының етінде анықталды – 33,47%, бұл олардың етінің жоғары калориялылығын (3194,05 ккал) қамтамасыз етті.
Зерттеулерде 4 айлық қозылар етінің ақуыз-май арақатынасы 1/0,59-дан 1/1,14-ке дейін болды. Ақуыз бен майдың ең үздік арақатынасымен екі шаруашылықтан алынған ДР х ҚҚҚЖҚ будан еркек қозыларының еті сипатталды, тиісінше: 1/1,14 және 1/1,11.
1. Генотиптерін салыстыру көзделген 50 будан еркек қозы шағылыстыруға дайындалды. Шағылыстыру кезеңіне тәжірибелік топтардан тірілей салмағы мен экстерьерлік белгілері ең үздік әртүрлі генотиптегі еркек қозылар іріктеліп алынды, 1,5 ай ішінде олардың тірілей салмағының өсімі 10 кг және одан да жоғары болды.
Әзірленген рецепттер бойынша толық рационды жем қоспаларымен нормаланған қосымша азықтандыруды ұйымдастыру кезінде, тәжірибедегі еркек қозылар рациондағы құрғақ зат концентрациясы, жалпы, энергетикалық және протеиндік құнарлылығы бойынша етті-майлы және етті бағыттағы қой төлдерін азықтандыру нормалары деңгейінде қамтамасыз етілді. Тұқымдық материалдың белсенділігін арттыру және мал организмінің резистенттілігін (төзімділігін) күшейту үшін премикстер мен дәрумендік кешендер қосылған азықтандыру рационы пайдаланылды. Жемдік қоспалар жасыл шөпке қосымша ретінде 1-2 апта бойы біртіндеп енгізілді. Шағылыстыру кезеңінде қошқарлардың рационы ірі, шырынды, жемдік азықтардан және минералды үстеме қоректерден құралды. Қошқарларды толыққанды азықтандыру қарқынды азықтандыру нормаларына сәйкес келетін, жалпы құнарлылықтың 35-40%-ын пішен, 20-25%-ын шырынды және 40-45%-ын жемдік азықтар құрайтын рациондармен қамтамасыз етілді, бұл олардың шәует өнімінің жақсы белсенділігі мен концентрациясын қамтамасыз етті.
1. Әртүрлі генотипті 8 айлық 50 еркек қозыны бордақылау және сою жұмыстары жүргізіліп, олардың ұшасы мен ет сапасының көрсеткіштері анықталды. Бордақылау бойынша тәжірибе кезеңіне арналған рациондар шаруашылықтар азығының химиялық құрамын, төлдердің тірілей салмағы мен физиологиялық күйін ескере отырып, ұсынылған нормалар бойынша жасалды. Рационның құнарлылық құндылығын арттыру үшін «Кормовик» ЖШС-нің «Руми Вита-Про» ақуызды-минералды-дәруменді қоспасы пайдаланылды.
Бір айлық бордақылаудан кейін еркек қозылардың дене салмағы келесідей болды: ҚҚҚЖҚ – 38,3 кг, ДР х ҚҚҚЖҚ – 37,8 кг. Орташа тәуліктік салмақ қосымы бақылау тобындағы қозыларда 128 г, будандарда 126 г құрады.
Бордақылаудан кейін әртүрлі генотиптегі 8 айлық еркек қозылар келесі параметрлермен сипатталды. Сою алдындағы тірілей салмақ және ұша салмағы топтар бойынша орташа есеппен келесідей көрсеткіштерді құрады: АБ х ҚҚҚЖҚ – 46,6 және 22,51 кг; ДР х ҚҚҚЖҚ – 45,4 және 22,9 кг; таза тұқымды ҚҚҚЖҚ – 42,05 және 22,9 кг (құйрықты есепке алғанда).
1. Шағылыстыру сызбасына сәйкес, шетелдік, отандық және будан қошқарлардың шәуетімен 6900 етті-майлы саулық және олардың будандары ұрықтандырылды.
Ағымдағы жылдың шағылыстыру кезеңінде базалық шаруашылықтарда шетелдік селекциядағы мамандандырылған етті тұқымды қошқарлардың шәуетімен тауарлы бағыттағы 2800 бас құйрықты саулық ұрықтандырылды. Сонымен қатар, жақсартушы тұқымдар бойынша қан үлесі 25 және 37,5% қой топтарын құру үшін жасанды ұрықтандыру бекеттерінде 1500 бас құйрықты саулықты ұрықтандыруға шетелдік етті тұқымдар бойынша қан үлесі 1/2 және 3/4 қошқарлар пайдаланылды. Барлық базалық шаруашылықтарда бақылау топтары ретінде таза тұқымды өсіру әдісімен 2600 бас құйрықты саулық ұрықтандырылды.
1. 50 құйрықты қой-донор іріктеліп алынып, гонадотропты гормондардың көмегімен оларда суперовуляция тудырылды, содан кейін эмбриондар жуылып, криоконсервацияланды және транплантацияланды. «Қ.Ү. Медеубеков атындағы Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында» ҚҚҚЖҚ тұқымының 40 саулық-донорынан эмбриондарды жуып алу және 8 айлық жастағы 20 тұсақ-донордан ооциттерді аспирациялау (сорып алу) бойынша зерттеулер жүргізілді.
Қой-донорларда суперовуляция тудыру екі гонадотропты препаратты қолдану арқылы жүргізілді: 1) жалпы дозасы 9 мл болатын 6 реттік бұлшықет ішіне инъекция түріндегі фоллтропин және 2) 7 мл-лік бір реттік фоллимаг инъекциясы. Екі схемада да өңдеу басталғаннан кейін 48 сағаттан соң бұлшықет ішіне 1 мл эстрофан егілді. Индуцияланған жыныстық күйек белгілері пайда болғаннан кейін донорлар ҚҚҚЖҚ тұқымының белсенді тұқымдық-қошқарларымен шағылыстырылды. Эмбриондарды жуып алу күйек басталғаннан кейін 5-6 күн өткен соң Фолей катетерінің көмегімен жүзеге асырылды. Алдымен лапароскоптың көмегімен донордың гормоналды өңдеуге реакциясы бағаланды.
1. Саулықтардың төлдеуі, қозыларды 4-4,5 айлық жасында бөліп алу және сою бойынша тәжірибелік деректер талданды.
Базалық шаруашылықтардағы саулықтардың төлдеу нәтижелері бойынша орташа төлшеңдік 96%-ды құрады. Қозылардың туған кездегі орташа тірілей салмағы келесідей болды: «Медхан» ШҚ – 4,9±0,22 кг; «Разахун» ШҚ – 5,4±0,18 кг; «Тоқан-1» ШҚ – 5,1±0,21 кг; «Нұр» ШҚ – 5,1±0,27 кг; «Елькентай» АӨК – 5,4±0,25 кг, «Шұғыла LTD» ЖШС – 5,28±0,270 кг, «Жаңа Береке» ЖШС – 5,32±0,390 кг.
Бөліп алу кезінде етті пішіндерді сипаттайтын дене өлшемдерінің жоғары көрсеткіштері етті бағыттағы қошқарлармен будандастырудан алынған қозыларда байқалды. Тірілей салмақ пен тәуліктік орташа салмақ қосымы мәліметтерін талдау көрсеткендей, өсу қарқындылығының жоғарылығымен екі тұқымдық будан (ДРхЕД) қозылар ерекшеленді: бөліп алу кезіндегі ұрғашы қозылардың тірілей салмағы 41,5 кг, еркек қозылардікі – 43,7 кг, тәуліктік орташа салмақ қосымы – 305-314 г болды. Дорпер тұқымды будан еркек қозылар туылғаннан бастап сүттен шығарғанға дейінгі кезеңде тәуліктік орташа салмақ қосымы бойынша таза тұқымды тұстастарынан 3%-ға басым түсті. Тәуліктік орташа салмақ қосымы бойынша дәл осындай үрдіс ұрғашы қозылар топтарында да байқалады.
Бөліп алу кезінде тірілей салмақ топтар бойынша орташа есеппен 34,9 кг-ды құрады, соның ішінде топтар бойынша: ҚҚҚЖҚ – 34,8 кг, ДР х ҚҚҚЖҚ – 35,3 кг және АБ х ҚҚҚЖҚ – 34,5 кг. Барлық топтарда туылғаннан бастап бөліп алғанға дейін жоғары өсу қарқындылығы байқалды, тәуліктік орташа салмақ қосымы 290 г құрады.
Тәжірибедегі еркек қозыларды бақылау мақсатында сою жұмыстары олардың ет өнімділігінің жеткілікті түрде жоғары екенін көрсетті.
Жоғары ұша салмағы ДР х ҚҚҚЖҚ еркек қозыларында байқалды. АБ х ҚҚҚЖҚ будан еркек қозылары ұша салмағы бойынша «Шаушен» ШҚ-нан алынған ДР х ҚҚҚ будан құрдастарынан 5,22 кг-ға немесе 23,58%-ға, ал «Тоқан-1» ШҚ-нан алынған ДР х ҚҚҚЖҚ будан құрдастарынан 1,51 кг-ға немесе 8,19%-ға есе жіберді. Ұша шығымы көрсеткіштері бойынша да ДР х ЕД (56,3%), ДР х ҚҚҚЖҚ (50,70 - 52,67%) шеңберінде алынған жарты қанды будандардың басымдылығы айқын байқалады.
«Шұғыла LTD» ЖШС мен «Жаңа Береке» ЖШС-нде тірілей салмағы мен сойыс шығымы бойынша дорпер будандары бақылау тобындағы тұстастарынан тірілей салмағы бойынша 1,84 кг-ға (4,1%-ға), сойыс салмағы бойынша 1,7 кг-ға (7%-ға) артық болды.
Гемпшир будандары таза тұқымды тұстастарынан тірілей салмағы бойынша 0,3%-ға, сойыс салмағы бойынша 18,1%-ға төмен болды.
Бағдарламаны орындауға 1 ғылым докторы, 3 PhD докторы, 15 ғылым кандидаты, 12 ғылым магистрі қатысты.
- Өзектілігі. Алматы, Жетісу, Жамбыл, Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарының шаруашылықтарында қазіргі заманғы ДНҚ технологиялары мен биотехнологиялық әдістерді пайдалану негізінде жергілікті етті-майлы қойларды шетелдік мамандандырылған етті дорпер, австралиялық ақ, гемпшир және суффольк тұқымдарымен будандастыру арқылы олардың ет өнімділігін жақсартуға бағытталған зерттеулердің ғылыми-тәжірибелік маңызы зор.
- Бағдарламаның мақсаты – қазіргі заманғы ДНҚ технологияларын және құнды генотиптерді жеделдетіп өсірудің биотехнологиялық әдістерін пайдалана отырып, тауарлы табын саулықтарын шетелдік етті тұқымдармен будандастыру арқылы етті-майлы қойлардың ет өнімділігін және өнім сапасын жақсарту.
- Күтілетін және қол жеткізілген нәтижелер:
- шетелдік селекцияның дорпер, австралия ақ қойы және суффольк тұқымдарының аталық-қошқарлары өздерінің өнімділік-биологиялық ерекшеліктерінің кешені, әсіресе республиканың әртүрлі аймақтарының паратиптік жағдайларына бейімделу қасиеттері, сондай-ақ өсімталдық қасиеттері бойынша ет өнімділігі мен өсімталдығы жоғары отандық қой типін құруға қажетті жақсартушы тұқымдардың генетикалық ресурстарына қойылатын талаптарға сәйкес келеді;
- етті, тез жетілетін тұқымдардың генотиптерін тауарлы топтардың құйрықты етті-майлы саулықтарына жыл бойы жайылымда бағу жағдайында, қойларға қосымша азық бермей, пайдалану өсімталдықты 8,9%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етті. Неғұрлым жақсартылған азықтандыру жағдайын жасау жақсартушы тұқымдардың генетикалық әсерін арттыруға ықпал етеді;
- құйрықты қылшық жүнді қойлардың дене бітімі ерекшеліктерімен байланысты VCAN, NEK1, NRG1, ADAM12, ERBB4, RUNX1T1 және PDGFD ген-кандидаттары анықталды, олар малдың экстерьерін жақсарту селекциясында пайдаланылуы мүмкін. Болашақта таңдалымды кеңейту және ассоциациялық талдауды тереңдету мақсатқа сай келеді, бұл селекциялық бағдарламалардың дәлдігін арттыруға және маркерге негізделген селекцияны (MAS) енгізуді жеделдетуге мүмкіндік береді;
- сүт емізу кезеңінде жынысына қарамастан, ДР х ҚҚҚЖҚ будан төлдері мен таза тұқымды еділбай қозылары тәуліктік орташа салмақ өсімінің айтарлықтай жоғары көрсеткішін (220 г-нан астам) көрсетті. Сф х ҚҚҚЖҚ тобында тек еркек қозылардың өсу қарқындылығы тәулігіне 226,7 г болды. Бір жаста тірілей салмағы бойынша ДР х ҚҚҚЖҚ еркек қозылары басқа генотиптердегі тұстастарынан сәл де болса басым түсті, бұл дорпер тұқымының жақсартушылық әсерін және будандастырудың бұл түрінің тиімділігін көрсетеді;
- будан төлдердің дене өлшемдері мен экстерьер индекстерінің параметрлері бойынша таза тұқымды тұстастарынан басымдылығы анықталды, бұл олардың тезжетілгіштігін және енелерінен бөліп алу кезінде де, бір жасында да айқын етті пішіндерін айғақтайды. Дорпер бойынша будан еркек қозылар сою алдындағы тірілей салмағы бойынша таза тұқымды тұстастарынан 1,84 кг-ға (4,1%-ға), сойыс салмағы бойынша – 1,7 кг-ға (7%-ға) және ұша шығымы бойынша – 3,8-9,8%-ға артық болды. Ет-май ұлпалары шығымының жоғары параметрлерімен (78,0-78,5%), еттілік коэффициентімен (3,6-3,7) және тағамдық құндылығы жоғары теңгерілген аминқышқылдық құрамымен ДРхҚҚҚ қозылары ерекшеленеді. ДРхҚҚҚЖҚ генотиптері ақуыздардың оңтайлы аминқышқылдық құрамымен ерекшеленетін, сұранысқа ие, сапалы қозы етін өндіру үшін перспективалы селекциялық материал ретінде қарастырылуы мүмкін. Мамандандырылған етті тұқымдар бойынша будан еркек қозылар ет өнімділігінің жақсартылған сапасымен, ет құрамында бұлшықет ұлпасының көп және май ұлпасының аз болуымен, соның ішінде құйрық өлшемінің кішірейгендігімен сипатталады;
- будан төлдерді алу үшін пайдаланылған австралия ақ қойы және дорпер тұқымдарының аталық-қошқарлары неғұрлым біртекті және қысқа жүн өнімділіктерімен сипатталады. Будан төлдерге негізінен аталық тұқым жағынан жүннің жіңішкелігі, біртектілігі, сондай-ақ қысқалығы тұқым қуалады. Жүн ұзындығының қысқалығына қарамастан, будан төлдер жүнінің жайлылық факторының (comfort factor) жоғары параметрлері (84,5-97,5%), ҚҚҚЖҚ тұқымдас тұстастарының тиісті көрсеткіштерінен 1,5 есе асып түсіп, жайылымда бағу жағдайында будан қозылардың жеткілікті жоғары бейімделгіштігіне ықпал етті;
- генетикалық материалдың өміршеңдігіне теріс әсер етпейтін арнайы ортаны пайдалана отырып, сперматозоидтарды жынысы бойынша (Х және Ү хромосомаларына) сұрыптау әдісін әзірлеу бойынша бастапқы негіз қаланды. TLR 7/8 белсендіру арқылы сперматозоидтарды жынысы бойынша сұрыптау арзан, техникалық тұрғыдан күрделі емес әдіс болып табылады. Қой шаруашылығында бұл әдіс ауыл шаруашылығы құрылымдарында қозы етін өндіру кезінде мамандандырылған етті тұқымдардың будан еркек қозыларын мақсатты түрде алу үшін сәтті қолданылуы мүмкін.
- донорларды ооциттерді жуып-алуға дайындау кезінде 7 мл дозада фоллимаг енгізу 65,3% деңгейінде, ал 9 мл жалпы дозада фоллтропин енгізу – 50,0% деңгейінде суперовуляцияны қамтамасыз ететіні анықталды.
- қой эмбриондарын түтікшелерде витрификациялау (шұғыл мұздату) олардың 40% деңгейінде тірі қалуын қамтамасыз ететіні анықталды, бұл өндірістік жағдайда «Cryologic CL8800» типті қымбат бағдарламалық мұздатқышты қолданбай-ақ генетикалық құнды материалдарды сақтауға мүмкіндік береді.
- Жобаға 1 ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, 10 ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, 3 PhD докторы, 6 ғылым магистрі қатысты.
- Жарияланымдар тізімі (оларға сілтемелермен) және патенттер; потенциалды пайдаланушыларға арналған ақпарат.
Рецензияланатын ғылыми басылымдардағы мақалалар:
- Ptáˇcek, M.; Savvulidi, F.G.; LeBrun, C.; Janošíková, M.; Kenzhebaev, T.; Omashev, K.; Kulataev, B.; Malmakov, N. Effect of Different Thawing Regimes on Cell Kinematics and Organelle Integrity of Nitrogen-StoredWallachian Ram Spermatozoa. Vet. Sci. 2024, 11, 602. https://doi.org/10.3390/vetsci11120602 ;
- 2. Akhatayeva, Z.; Dossybayev, K.; Kozhakhmet, A.; Yermekova, M.; Kapassuly, T.; Yergali, K.; Kulboldin, T.; Torekhanov, A.; Kulataev, B.; Iskakov, K.; Kenzhebaev T., Lan X. Genome-Wide Association Study for Body Conformation Traits in Kazakh Fat-Tailed Coarse-Wool Sheep. Genes 2025, 16, 1023. https://doi.org/10.3390/genes16091023
- Kozhakhmet, A.; Akhatayeva, Z.; Dossybayev, K.; Yermekova, M.; Kapassuly, T.; Yergali, K.; Torekhanov, A.; Bissenov, U.; Lan, X.; Kulataev, B. Genomic Characterization of the Kazakh Fat-Tailed Coarse-Wool Sheep Breed Using ROH Analysis. Animals 2025, 15, 2714. https://doi.org/10.3390/ani15182714
- Magauiya A., Torebek K., Savvulidi F., Ptáček M., LeBrun C., Langerová L., Sagdat E., Baikoshkarova S., Malmakov N. Molecular Constraints of Sperm Sex Sorting via TLR7/8 Activation / Animals. Molecular Constraints of Sperm Sex Sorting via TLR7/8 Activation. Animals 2025, 15, 2976. https://doi.org/10.3390/ani15202976 ISSN: 2076-2615
- Dossybayev, K.; Amandykova, M.; Ualiyeva, D.; Kapassuly, T.; Kozhakhmet, A.; Ciani, E.; Bekmanov, B.; Amzeyev, R. Genome-Wide SNP Analysis Reveals the Unique Genetic Diversity Represented by Fat-Tailed Coarse-Wooled Sheep Breeds of Kazakhstan. Biology 2025, 14, 1478. https://doi.org/10.3390/biology14111478 ISSN: 2079-7737
ҚР ҒЖБСҚК (КОКНВО) тізімдеріне енгізілген ғылыми журналдарда 7 мақала жарияланды:
- Асылбекова Э.Б., Есжанова Э.Б., Ахатова З.А., Әбдікәрім Б.Б. Сравнительные физико-механические свойства шерсти мясо-сальных и мясных овец / Ізденістер, нәтижелер – Исследования, результаты. №1 (105) 2025, ISSN 2304-3334, С.12-19. https://doi.org/10.37884/1-2025/02
- Нуржанова К.Х., Сатиева К.Р., Ахметова Б.С., Нусупов А.М., Төлеуова Д.Е. Рост, развитие и мясная продуктивность молодняка овец разных генотипов. Ғылым және білім. 2025. № 1-2 (78), ISSN 2305-9397. С.193-203. DOI 10.52578/2305-9397-2025-1-2-193-203 https://elib.wkau.kz/wp-content/uploads/2025/05/nio-%E2%84%961-2.pdf
- Bainiyetova М.А., Iskakov K.A., Kulataev B.T., Sagdat E., Altynbek E. Increasing the productive qualities of kazakh fat-fat sheep at different levels and nature of feeding / Ізденістер, нәтижелер – Исследования, результаты. №1 (105) 2025, ISSN 2304-3334, С.35-41. https://doi.org/10.37884/1-2025/05;
- Кенжебаев Т.Е., Төреханов А.Ә., Малмаков Н.Ы., Мелдебекова Н.Ә., Омашев Қ.Б., Есжанова Э.Б. Қазақстанның жайылымдық қоры және етті бағыттағы қой шаруашылығын дамыту келешегі / Вестник Кызылординского университета имени Коркыт Ата. Серия сельскохозяйственных наук. №2 (73), 2025. ISSN 2958-8367. С.177-188. https://doi.org/10.52081/bkaku.2025.v73.i2.265
- Искаков К.А., Малмаков Н.И., Сембаева А.И., Кулатаев Б.T., Тастаганов М.А., Сагдат Е. «"Тоқан-1", "Медхан", "Разахун" ШҚ-дағы қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойлардың көбею өнімділігі» / «Ізденістер, нәтижелер – Исследования, результаты», №2(106) 2025, ISSN 2304-3334, С.17-25. https://doi.org/10.37884/2-2025/02
- Сембаева А.И, Малмаков Н.И., Искаков К.А., Есжанова Э.Б., Асылбекова Э.Б., Бактыбаева Г. Результаты вымывания эмбрионов у овец казахской курдючной грубошерстной породы / «Вестник науки Казахского агротехнического исследовательского университета им. С. Сейфуллина: Междисциплинарный». № 3(127) (2025). ISSN 2710-3757, С.268-278, https://doi.org/10.51452/kazatu.2025.3(127).2032
- Асылбекова Э.Б., Кенжебаев Т.Е., Есенбаев А.А., Ахатова З.А., Сембаева А.И., Исагулов Н.Е. Сравнительные особенности свойств шерсти чистопородного и помесного молодняка казахской курдючной грубошерстной породы / «Вестник науки Казахского агротехнического исследовательского университета им. С. Сейфуллина: Междисциплинарный». № 3(127) (2025). ISSN 2710-3757, С.184-195, https://doi.org/10.51452/kazatu.2025.3(127).2030