Жылқы шаруашылығын цифрландыру және шекара қызметімен ынтымақтастық талқыланды
2025 ж. 17 қыр.

2025 жылғы 17 қыркүйекте Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институты (ҚазМШжЖӨҒЗИ) базасында «Жылқы шаруашылығындағы асыл тұқымды есеп пен бонитировканы цифрландыру және автоматтандырудың жаңа технологияларын әзірлеу» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері, Шекара қызметі академиясының мамандары, Бүкіләлемдік ат спорты федерациясының (FEI) төрешілер алқасының мүшесі және жылқы шаруашылығы саласының ғалымдары қатысты. Кеңесті Ресейдің В.В. Калашников атындағы жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры А.М. Зайцев басқарды.
Кеңес барысында ғылыми ұйымдар мен күштік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан мен Ресейдің Шекара қызметтерінде қызметтік жылқыларды пайдалану тәжірибесімен алмасу және бірлескен конференциялар өткізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар, қызметтік жылқыларды әртүрлі бедерлі аймақтарда – су бөгеттерінен өту, таулы жерлерге көтерілу мен түсу, төзімділік пен бағыну дағдыларын дамыту бағыттары талқыланды.
Қатысушылар қызметтік жылқылар арасында өтетін шабандоздық сынақтардың бірыңғай ережелерін әзірлеудің қажеттілігін атап өтті. Бұл жылқы құрамының дайындық сапасын арттыруға және екі елдің шекара құрылымдарының өзара іс-қимылын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аймақтың табиғи және климаттық жағдайларына бейімделген қазақстандық жылқылардың арнайы топтарын құру қажеттілігі айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар селекция, баптау және ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық салаларында бірлескен бастамаларды дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Бұл бағыттағы жұмыс шекара қызметінде қызметтік жылқыларды тиімді пайдалану мен олардың даярлық деңгейін арттыруға ықпал етпек.