Еділбай қой тұқымының жоғары ет өнімділігі ғылыми дәлелденді


Еділбай қой тұқымының жоғары ет өнімділігі ғылыми дәлелденді

Қазақстанда еділбай қой тұқымының жоғары ет өнімділігіне қатысты жаңа ғылыми тұрғыда дәлелденген деректер алынды. Көпжылдық зерттеулердің нәтижелері бойынша бұл тұқым қойлары еліміздегі ең өнімді ет бағытындағы қой тұқымдарының бірі екендігін көрсетті. Атап айтқанда, еділбай қойларында еттің жұмсақ бөлігінің шығымы 81 пайызға дейін жететіні анықталды, бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады.

Ғылыми-өндірістік зерттеулер 2020–2025 жылдар аралығында Жетісу облысы Алакөл ауданына қарасты «Алакөл-Агро» ЖШС базасында жүргізілді. Зерттеу жұмыстарын Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының (ҚазМШжЖӨҒЗИ) ғалымдары — «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ-тың еншілес ұйымы — шаруашылық мамандарымен бірлесіп жүзеге асырды.

Зерттеу барысында асыл тұқымды және өндірістік отарлардағы саулық қойларға отандық және импорттық тұқымдағы қошқарларды пайдалану схемалары жан-жақты талданды. Сонымен қатар, генетикалық ерекшеліктердің, азықтандыру мен өсіру технологияларының ет өнімділігіне әсері бағаланды.

Ет өнімділігін объективті бағалау мақсатында бордақылау мен жайып семірту кезеңдерінің әртүрлі мерзімдерінде бақылау союлары жүргізіліп, қошқаршықтардың ұшалары бөлшектеліп зерттелді. Алынған нәтижелер ұша құрамын, еттің сапалық көрсеткіштерін және шығымын толық бағалауға мүмкіндік берді.

Зерттеу нәтижелері еділбай қой тұқымының ет бағытындағы жоғары әлеуетін дәлелдеп, қой шаруашылығын дамыту, өнімділікті арттыру және отандық қой етінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту тұрғысынан маңызды ғылыми негіз қалыптастырады.