Қазақстан мен Қытайдың мал шаруашылығы бағытында ғылыми ынтымақтастығы

2026 жылғы 27 қыркүйекте Тарим университетінің Алматыдағы мал шаруашылығы саласындағы ғылыми-технологиялық алаңының ашылу рәсімі және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою салтанаты өтті.
Іс-шараға Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының шақырылған өкілдері ретінде жылқы және түйе шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, философия докторы (PhD) Жасұлан Ертайұлы Қожанов және аталған бөлімнің жетекші ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Кенесхан Ыдырысұлы Дүйсембаев қатысты.
Ынтымақтастық туралы меморандумға Қытай тарапынан Тарим университетінің проректоры Ван Чэнтао (Wang Chengtao), ал Қазақстан тарапынан Примқұл Шолпанқұлұлы Ибрагимов қол қойды.
Қытай делегациясының құрамында Өмір туралы ғылымдар және технологиялар колледжі деканының орынбасары, профессор Ся Чжаньфэн (Xia Zhanfeng), Тағам ғылымдары және инженерия колледжі деканының орынбасары, профессор Сюй Цянь (Xu Qian), сондай-ақ Мал шаруашылығы ғылымдары және технологиялары колледжінің профессоры Гүміңгүл Мұхатай (Geminggul Muhatai) болды.
Профессор Гүміңгүл Мұхатай — профессор Кенесхан Ыдырысұлы Дүйсембаевтың шәкірті әрі Қытай тарапынан осы бастаманың негізгі идеялық ұйытқысы. Оның екіжақты ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі ғылыми мектептер сабақтастығының және Қазақстан мен Қытай ғалымдары арасындағы кәсіби әрі академиялық байланыстардың сақталуының жарқын үлгісі болып табылады.
Қазақстан тарапынан аталған бастаманың ұйымдастырушылары мен ұйытқысы болған мамандар:
Орынханов Қанат Аманжолұлы — ветеринария ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (ҚазҰАЗУ) «Клиникалық пәндер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринариялық хирург, «Айболит» ветеринариялық клиникасының директоры, Қазақстан Республикасы Ветеринариялық дәрігерлер ұлттық палатасының президенті.
Хизат Серік — ветеринария ғылымдарының магистрі, ҚазҰАЗУ «Клиникалық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы, жануарлардың көбеюі саласының маманы.
Ғылыми-технологиялық алаңның құрылуы ғылыми және практикалық тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ мал шаруашылығы мен ветеринария салаларына заманауи технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Аталған алаңның ашылуымен ұйымдастырушылар мен әріптестерімізді құттықтай отырып, жоспарланған бастамалардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдіреміз!