ҚазМШжЖӨҒЗИ ғалымдары ИИ және білім интеграциясы конференциясына қатысты
2025 ж. 29 қар.
2025 жылғы 26 қарашада Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының (ҚазМШжЖӨҒЗИ) ғалымдары Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі ұйымдастырған «Жасанды интеллект және білім интеграциясы – жаңа дәуір талабы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты – жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне тиімді енгізу жолдарын талқылау, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында инновациялық тәсілдерді қолдану арқылы білім беру жүйесін дамыту болды. Іс-шараға ғылыми ұйымдар, білім беру мекемелері мен аграрлық сала өкілдері қатысты.
Шара барысында ҚазМШжЖӨҒЗИ ғалымдары заманауи AI құралдарының аграрлық ғылым мен оқу үдерісіндегі маңызын атап өтіп, ISperm құрылғысы арқылы өндіруші қошқарлардың ұрық сапасын бағалаудың жаңа әдістерін таныстырды. Бұл технологиялар селекциялық жұмыстардың дәлдігін арттырып, мал шаруашылығындағы репродуктивтік үдерістердің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, конференция аясында «Мал шаруашылығы» атты жаңа оқулықтың тұсаукесері өтті. Аталған оқу құралы қазіргі ғылыми жетістіктерді ескере отырып әзірленіп, болашақ мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған.
Аталмыш іс-шара екі ұйым арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға, инновациялық идеяларды талқылауға және аграрлық білім беру саласында жаңа технологияларды дамытуға ықпал етті.