Ғылым және спорт: Allur Endurance CUP 2026 халықаралық турниріндегі адай және қостанай тұқымды жылқыларыы

Адай және қостанай жылқыларын ғылыми зерттеу аясында Allur Endurance CUP 2026 халықаралық төзімділік ат жарысына қатысу
2026 жылғы 17 қазанда Қостанай облысы Қостанай ауданының Новосёловка ауылында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ережелері бойынша CEI 1* санатындағы халықаралық төзімділік ат жарысы өтті. Жарысқа бес елден — Қазақстан, Венгрия, Сирия, Ұлыбритания және Малайзиядан келген шабандоздар қатысты.
Жарыстың ветеринариялық төрешілер алқасының мүшесі ретінде «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС жылқы және түйе шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Ж.Е. Қожанов қатысты. Сонымен қатар төрешілік ету үшін Біріккен Араб Әмірліктерінен төрешілер алқасының 14 мүшесі келді.
Адай және қостанай тұқымды жылқыларды ұзақ қашықтыққа төзімділік жарыстарында сынау BR22885681 «Қостанай жылқы тұқымының гендік қорын сақтай отырып, адай және қостанай жылқыларының генетикалық ресурстарын басқарудың қолданыстағы әдістерін жетілдіру» ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүргізілді.
Бұл жұмыс жылқылардың төзімділігін, жылдамдығын және жүйріктігін ерте болжауға арналған генетикалық маркерлер панелін әзірлеу және кейіннен әзірленген әдістемені адай және қостанай жылқыларының популяцияларында валидациялау міндетін орындаумен байланысты.
Аталған жарыстарға қатысу зерттелетін жылқылардың спорттық жұмыс қабілетін нақты жарыс жағдайында бағалауға мүмкіндік береді. Алынған көрсеткіштерді генотиптеу нәтижелерімен салыстыру және жылқылардың төзімділігі мен жылдамдық қасиеттеріне байланысты генетикалық факторларды одан әрі зерттеу үшін маңызды ғылыми деректер ретінде пайдалануға болады.
Жарыс нәтижелері бойынша:
1-орын — адай тұқымды TAI KASKA, орташа жылдамдығы — 22,66 км/сағ.
2-орын — Абай облысынан келген найман тармағының BAKKONUR жылқысы, орташа жылдамдығы — 22,17 км/сағ.
3-орын — адай тұқымды TOBYLGY TORY, орташа жылдамдығы — 22,11 км/сағ.
4-орын — Жетісу облысынан келген жартылай қанды KABLAN, орташа жылдамдығы — 21,81 км/сағ.
5-орын — қостанай тұқымды TAI QASQA, орташа жылдамдығы — 20,72 км/сағ.
Бірінші және үшінші орындарды иеленген Маңғыстау облысының адай тұқымды жылқылары BR22885681 ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында зерттеліп жатқан жылқылардың қатарына кіреді.
Олардың көрсеткіштері, сондай-ақ үздік бестікке енген қостанай тұқымды жылқының нәтижесі отандық жылқы тұқымдарының ұзақ қашықтыққа төзімділік жарыстарындағы әлеуетін бағалау және алдағы селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін маңызды практикалық мәнге ие.
Жарыстың бас демеушісі «Аллюр Авто» компаниясы болды. Жүлде қорына Chevrolet Cobalt автокөлігі және 7 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы кірді.