Ақтөбеде өткен Дала күні: мұғалжар жылқы тұқымын жетілдіру және отандық жылқы шаруашылығын дамыту

Ақтөбеде өткен Дала күні: мұғалжар жылқы тұқымын жетілдіру және отандық жылқы шаруашылығын дамыту
2026 жылғы 3 қазанда Ақтөбе қаласында «MUGALZHAR ZHYLKY ZAVODY» ЖШС базасында Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты (ҚазМШжЖӨҒЗИ) мен «MUGALZHAR ZHYLKY ZAVODY» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған Дала күні өтті. Іс-шара отандық жылқы шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелеріне, жылқылардың асыл тұқымдық және өнімділік қасиеттерін жетілдіруге, сондай-ақ ғылыми және практикалық тәжірибе алмасуға арналды.
Іс-шараның негізгі бағыттарының бірі Бау және Бекзат зауыттық аталық іздері мысалында мұғалжар жылқы тұқымын жетілдіру мәселелері болды.
Мұғалжар жылқы тұқымы Қазақстанның өнімді бағыттағы жылқы шаруашылығында маңызды орын алады. Бұл тұқымды мақсатты селекциялық-асылдандыру жұмыстары арқылы одан әрі жетілдіру, құнды зауыттық аталық іздерін сақтау және дамыту, өнімділік қасиеттерін арттыру және тұқымға тән ерекшеліктерін бекіту ерекше өзектілікке ие.
Дала күні аясында мұғалжар тұқымды жылқылардың көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар ұсынылған жылқы басымен танысып, жануарлардың экстерьерлік және өнімділік ерекшеліктерін бағалады. Іс-шара ғалымдарды, сала мамандарын, жылқы өсірушілерді, шаруашылық өкілдерін және жылқы сатып алуға қызығушылық танытқан әлеуетті сатып алушыларды біріктірді.
Дала күнінің жалғасы ретінде «Бау және Бекзат зауыттық аталық іздері мысалында мұғалжар жылқы тұқымын жетілдіру» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Баяндамалар мен пікірталастар барысында селекциялық-асылдандыру жұмыстары, зауыттық аталық іздерді сақтау және жетілдіру, сондай-ақ тұқымды одан әрі дамытудың келешегі қарастырылды.
Осындай іс-шараларды өткізу ғылым мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтуға, практикалық тәжірибе алмасуға және отандық жылқы тұқымдарының генетикалық әлеуетін сақтауға әрі одан әрі жетілдіруге бағытталған ғылыми негізделген селекциялық тәсілдерді өндіріске енгізуге ықпал етеді.