«Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ҒЗИ ғалымдары Бішкектегі халықаралық конференцияға қатысты
2025 ж. 18 сәу.

2025 жылғы 18 сәуірде Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында «Тропилелапсоз – бал аралары: биологиясы, таралуы, диагностика және емдеу әдістері» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Аталған іс-шараға «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ғылыми-зерттеу институтының «Ара шаруашылығы» бөлімінің жетекші ғалымдары қатысты. Конференция барысында паразиттік кенелермен күрестің заманауи әдістері, диагностикалық тәсілдер және бал араларының денсаулығын сақтау бойынша халықаралық тәжірибелер кеңінен талқыланды. Іс-шара Қырғыз мал шаруашылығы және жайылым ғылыми-зерттеу институтының базасында ұйымдастырылды. Конференцияға Қазақстан, Ресей, Израиль және Қырғызстан елдерінің жетекші ғылыми мекемелерінен келген сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Ресей Федерациясының ФГБНУ Солтүстік-Шығыс ғылыми орталығы жанындағы ара шаруашылығы зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Анна Зиновьевна Брандорф, Израильдің Ауыл шаруашылығы зерттеулері ұйымының докторы, Ришон-ле-Цион қаласындағы Вулкан ғылыми орталығының ғылым докторы Виктория Сорокер, сондай-ақ «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі» ҒЗИ-ның «Ара шаруашылығы» бөлімінің мамандары – ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нуралиева Ұлжан Ауезхановна және Крупский Олег Борисович ғылыми-зерттеу нәтижелері мен практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Халықаралық деңгейде өткен бұл ғылыми басқосу Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, ара шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ бал араларының ауруларын тиімді анықтау мен емдеудің бірлескен ғылыми-тәжірибелік тәсілдерін қалыптастыруға маңызды үлес қосты.