Жамбыл ауданында құйрықты қой көрмесі өтті


Жамбыл ауданында құйрықты қой көрмесі өтті

13-ші сәуір күні Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында «Етті-майлы бағыттағы құйрықты қой көрмесі» ұйымдастырылды. Ауқымды шараның басты мақсаты — асыл тұқымды құйрықты қой өсіруді дамыту, мал шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерді кеңінен насихаттау және шаруа қожалықтары арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасау.
Көрмеге Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының қой шаруашылығы бойынша жетекші мамандары арнайы қатысып, саланың қазіргі жай-күйі мен болашағы туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Олар қой өсірудегі жаңа технологиялар, асыл тұқымды малдың өнімділігін арттыру жолдары мен селекциялық жұмыстар жөнінде тың ақпараттармен бөлісті.
Іс-шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы — өңір экономикасының іргетасы екенін атап өтіп, қой шаруашылығын дамыту жолында еңбек етіп жүрген шаруалардың табанды еңбегін жоғары бағалады.
Көрмеге аудан және тысқары аймақтардан көптеген шаруа қожалықтары қатысып, етті-майлы бағыттағы құйрықты қой тұқымдарының жас ерекшеліктері  бойынша таңдаулы түрлері көпшілік назарына ұсынды. Қой тұқымдарының сапасы, сыртқы пішіні мен салмағы көпшіліктің қызығушылығын тудырып, қатысушылар арасында қызу пікір алмасуға себеп болды.
Бұл көрме — аймақтағы қой шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.