«Үйірлі жылқы шаруашылығы» ғылыми еңбегінің ресми таныстырылымы өтті

05.05.2026 ж. Алматы қаласында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бас ғимаратында белгілі ғалымдар Төрехан А.Ә. мен Бегімбеков Қ.Н. авторлығымен жарық көрген «Үйірлі жылқы шаруашылығы» атты ғылыми еңбектің, ресми таныстырылымы өтті.
Іс-шара модераторы – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Басқарма Төрағасы – Ректорының бірінші орынбасары Ибрагимов Примкул Шолпанқұлұлы.
Таныстырылымға жылқы шаруашылығы саласының жетекші ғалымдарымен тәжірибелі мамандары, сала ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен жазушылар, жас ғалымдар, бизнес және БАҚ өкілдері қатысты. Кітаптың мазмұны, ғылыми маңызы және практикалық құндылығы жан-жақты талқыланып, қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор, танымал этнограф-ғалым Тоқтабай Ахмет Уәлханұлы кітаптағы тарихи деректер мен қазақ халқының жылқы мәдениетінің терең қамтылғанын ерекше атап өтті.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «Құрметті ғалым – ипполог» Дүйсембаев Кеңесхан Ыдырысұлы қазіргі таңда қазақ тіліндегі жылқы шаруашылығы саласына арналған сапалы оқу құралдарының тапшылығы өзекті мәселе екенін айтып, аталған кітапты көргенде ерекше қуанғанын жеткізді. Сонымен қатар, еңбектің қазақ тілінде өте сауатты әрі кәсіби деңгейде жазылғанын атап өтіп, бұл кітаптың студенттер мен сала мамандары үшін маңызды оқу құралы болатынын айтты.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұржеке-ұлы Бексұлтан ұлттық құндылықтарды сақтау мен жылқы түлігінің қазақ руханиясындағы орны туралы мазмұнды пікір білдірді.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Исхан Қайрат Жәлелұлы кітаптағы өндірістік және селекциялық мәселелердің өзектілігіне тоқталды.